Мәсіхшілік ілім адамның өз-өзін өлтіруі туралы не дейді? Киелі кітапта адамның өз-өзін өлтіруі туралы не айтылған?




Сұрақ: Мәсіхшілік ілім адамның өз-өзін өлтіруі туралы не дейді? Киелі кітапта адамның өз-өзін өлтіруі туралы не айтылған?

Жауап:
Киелі кітап бойынша сенушінің өз-өзін өлтіруі оның жұмаққа кіретініне немесе кірмейтініне әсер етпейді. Егер сенбеуші адам өз өмірін алса, онда ол өзінің отты көлге тасталуын өзі тілеп алды деген сөз. Осындай адам өз-өзін өлтіргені үшін емес, Мәсіх арқылы ұсынылған құтқарылудан бас тартқаны үшін тозаққа түседі. Киелі кітапта өз-өзін өлтірген бірнеше адам жайлы айтылған: Әбумәлік (Билер 9:54), Саул (Патша. 1-жазба 31:4), Саулдың қару-жарақ нөкері (Патша. 1-жазба 31:4-6), Ахитопел (Патша. 2-жазба 17:23), Зимри (Патша. 3-жазба 16:18) және Яһуда Исқариот (Матай 27:5). Осылардың бәрі зұлым, арам және күнәкар адам болған (дегенмен Саулдың қару-жарақ тасушы нөкері туралы мұндай пайымдау жасайтындай мәлімет аз берілген). Кейбір адамдар өз-өзін өлтірушілердің қатарына Самсонды да қосады (Билер 16:26-31). Алайда Самсонның мақсаты өз-өзін өлтіру емес, філістірлерді құрту болған. Киелі кітап бойынша адамның өз өмірін алуы басқа адамның өмірін алуымен тең. Адамның өлетіні немесе өлмейтіні жайлы шешімді Құдай ғана қабылдай алады. Ал адамның осы шешімді өз бетімен қабылдағаны Құдайды жоққа шығару болып табылады.

Киелі кітап өз өмірін алған мәсіхші жайлы не айтады? Менің ойымша өз-өзін өлтірген мәсіхші құтқарылуынан айырылмайды да, тозаққа бармайды да. Киелі кітап бізге мынаны үйретеді: адам шын жүректен Мәсіхке сенген кезден бастап мәңгілік қауіпсіздікке ие болады (Жохан 3:16), сонымен бірге мәсіхшілер қандай жағдай болса да, өздерінің мәңгілік өмірден ешқашан айырылмайтынына нық сене алады. «Сендер Құдайдың рухани Ұлына сенгендіктен мәңгілік өмірге иесіңдер. Оған сенім артқан сендердің соны білулерің үшін бұларды жазып отырмын» (Жохан. 1-хаты 5:13). Мәсіхшіні Құдайдың сүйіспеншілігінен ешқандай нәрсе ажырата алмайды! «Мен мынаған нық сенемін: өлім де, өмір де, періштелер де, жын-перілер де, бүгінгі күн де, болашақ та, табиғаттан тыс күштер де, не үстіміздегі, не астымыздағы ешқандай күш те, тіпті жаратылыстың басқа ешбір нәрсесі де бізді Құдайдың Иеміз Иса Мәсіх арқылы көрсетіп жүрген сүйіспеншілігінен айыра алмайды!» (Рим. хат 8:38-39). «Тіпті жаратылыстың басқа ешбір нәрсесі де» мәсіхшіні Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды. Ал адамның өз-өзін өлтіруі де «жаратылыстың нәрсесі» болып табылады, сондықтан осы нәрсе мәсіхшіні Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды. Иса біздің барлық күнәларымыз үшін өлген, сондықтан... егер шынайы мәсіхші зор рухани шабуылға тап болған кезде әлсізденіп өз өмірін алса... Иса оның осы күнәсының құнын да төлеп қойған!

Алайда мүның бәрі адамның өз-өзін өлтіру үлкен күнә емес дегенді білдірмейді. Киелі кітап бойынша адамның өз-өзін өлтіруі басқа адамның өмірін алумен тең болғандықтан үлкен күнә болып табылады. Мен өзін мәсіхші деп атай тұра өзінің өмірін алған адамның сенімінің шынайылығы жайлы күмәнданатын едім. Өз-өзін өлтірген мәсіхшіге ешқандай жағдай сылтау бола алмайды. Мәсіхші өмірін Құдайға арнаған болса, онда оның қашан өлетіні жайлы шешімді Құдай ғана қабылдай алады. Естер кітабынан осыған байланысты бір жақсы мысал келтірейік. Ежелгі Парсы патшалығында мынандай заң болған: патшаның алдына шақырусыз келген әркім өлім жазасына кесілетін, бұндай адам патша оған қарай алтын асатаяғын созса ғана аман қалатын (бұл әрекет арқылы патша сол адамға рақымшылық танытқанын көрсететін). Мәсіхшінің өз-өзін өлтіруі Құдайды шыдамдылықпен күтпей, Оны асықтырғанмен тең. Құдай алтын асатаяғын сенушіге қарай созып, оның мәңгілік өмірін сақтағанымен, сенушінің осы әрекетін жақтырмайды. Қорынт. 1-хат 3:15 аяты адамның өз-өзін өлтіруі туралы айтпаса да, осыны істеген мәсіхшінің қандай жағдайда болатынын жақсы сипаттайды: «Өзі құтқарылса да, жаны оттан өтіп қашқандай ғана сақталады».



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Мәсіхшілік ілім адамның өз-өзін өлтіруі туралы не дейді? Киелі кітапта адамның өз-өзін өлтіруі туралы не айтылған?