Құдай бар ма? Құдайдың бар екеніне көз жеткізетін дәлел бар ма?




Сұрақ: Құдай бар ма? Құдайдың бар екеніне көз жеткізетін дәлел бар ма?

Жауап:
Құдай бар ма? Адамдардың осы туралы соншама көп дауласатыны маған қызық болып көрінеді. Ең соңғы зерттеулер бойынша дүниедегі адамдардың 90 пайызы Құдайдың немесе табиғаттан тыс басқа бір күштің бар екеніне сенеді екен. Алайда Құдайдың шынымен бар екенін басқаларға дәлелдеу Құдайға сенетін адамдардың міндеті болып кетті. Менің ойымша бұл керісінше болу керек.

Дегенмен Құдайдың бар екенін дәлелдеу де, жоққа шығару да ешкімнің қолынан келмейді. Киелі кітап тіпті бізден Құдай бар деген шындықты сеніммен қабылдауды талап етеді: «Ал сенім артпай Құдайға ұнау мүмкін емес. Оған келген әркім Оның бар екеніне сенуге және Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтынына илануға тиіс» (Еврей. хат 11:9). Құдай Өзінің бар екенін білдіргісі келгенде бүкіл дүниеге Өзін ұлы салтанатпен көрсететін еді, алайда онда адамдарға сенімнің қажеті жоқ болар еді. Иса Өзінің шәкірттерінің біреуіне былай деген: «Сен Мені көргендіктен Маған сеніп тұрсың. Ал Мені көрмесе де сенетіндер бақытты!» (Жохан 20:29)

Алайда осының барлығы Құдайдың бар екені жайлы дәлелдер жоқ дегенді білдірмейді. Киелі кітапта былай айтылған: «Құдайдың салтанатты ұлылығын аспан әлемі ашық паш етеді, Оның қолының керемет істерін ауа кеңістігі де көрсетеді, осыларды күн сайын жариялап, түнде де бұл білімді мәлімдейді. Сол «үндерін естімеген» бір тіл де, ешқандай ұлт та қалмайтын болады. «Үндері» бар шартарапқа жайылып, «сөздері» жер шетіне таралады» (Забур жыр. 18:2-5). Жұлдыздарға қарағанда, ғарыштың қаншалықты орасан екенін түсінген кезде, күннің батқанын және табиғаттың сұлулығын тамашалаған сәттерде адам баласы қайран қалады, ал осының бәрі Жаратушының бар екеніне меңзейді. Сонымен бірге Құдайдың бар екеніне көз жеткізетін дәлелдер біздің жүректерімізде де бар. Уағыздаушы кітабының 3:11 аятында «Ол адамдардың жүректеріне мәңгілікті дарытқан» деп айтылған. Демек біздің жүрегіміздің түпкірінде осы өмірден кейін тағы бір өмір, осы әлемнен басқа тағы бір әлем бар деген сезім мекендейді. Біз өзімізше қисынды себеп тауып, осы сезімді мойындамауымыз мүмкін, алайда Құдай әлі де бар бола береді. Ал Киелі кітап Құдайдың бар екенін мойындамайтын адамдар туралы айтып, бізге ескерту жасайды: «Ақылсыздар іштей «Құдай жоқ!» деп ойлайды» (Забур жыр. 13:1). Адамзаттың тарихындағы барлық мәдениеттер мен өркениеттердегі және барлық құрлықтардағы адамдардың 98 пайызы Құдайдың бар екеніне сенген, сондықтан осы сенімге түрткі салған бір Тұлға шынымен бар болса керек.

Киелі кітаптағы пайымдаулардан басқа Құдайдың бар екені жайлы қисынды пайымдаулар да бар. Біріншісі - онтологиялық пайымдау (онтология – нәрселердің бар болуын зерттейтін ғылым; пәлсапа мен метафизиканың бір бөлігі). Онтологиялық пайымдаулардың ең көп қолданылатын формасы – Құдай жайындағы түсінікті Құдай бар екенін дәлелдеу үшін пайдалану. Бұл пайымдау Құдай жайында мынандай анықтама беруден басталады: «Құдайдан ұлы басқа тұлғаны көзге елестету мүмкін емес». Бар болу жоқ болудан артық, сондықтан бәрінен де ұлы бір Тұлға бар болса керек. Егер Құдай жоқ болса, онда ең ұлы Тұлғаның да жоқ болғаны, алайда бұл сөз Құдай жайындағы анықтамаға қайшы келеді. Қисынды пайымдаулардың екіншісі – телеологиялық пайымдау (телеология – оқиғалар мен жағдайлардың барлығы арнайы мақсатпен болады деген пікірді білдіретін теория). Телеологиялық пайымдау мынандай: бүкіл әлем керемет жаратылған, сондықтан осының барлығын жасаған Ұлы Шебер Тұлға бар болса керек. Мысалы біз өмір сүріп жатқан Жер шары Күнге бірнеше жүз шақырым жақын немесе одан бірнеше жүз шақырым алыс болса онда Жер бетінде қазіргідей өмір болмас еді. Ал атмосфераның құрамындағы элементтердің біреуі кішкене ғана азайса немесе көбейсе, адамдар мен тірі мақұлықтардың барлығы өліп қалатын еді. Бір белок молекуласының өзімен өзі кездейсоқ жолмен пайда болу мүмкіндігі өте аз, тіпті жоқ дерлік, демек 10243 деген санның ішінде бір мүмкіндік (10243 деген сан - 243 нөл қосылған 10). Тіпті бір клетканың өзі миллиондаған белок молекуладан тұрады.

Қисынды пайымдаулардың үшіншісі – космологикалық пайымдау. Әр құбылыстың себебі бар. Бүкіл әлемдегі құбылыстар бір нәрсенің ықпалынан болады. Әлемдегі барлық нәрсенің пайда болуына бір нәрсе себеп болды. Ал осы ықпал еткен және себеп болған нәрсе бұрыннан бар болған нәрсе болу керек. Осы бұрыннан бар болған нәрсе, яғни Тұлға – Құдай. Қисынды пайымдаулардың төртіншісі – өнегелілік пайымдау. Адамзаттың тарихында халықтар мен мәдениеттердің әрқайсысы қандай болса да бір заңды ұстанып келе жатыр. Әр адамның жақсылық пен жамандық жайлы өзінің түсінігі бар. Кісі өлтіру, өтірік айту, ұрлық пен әдепсіздік жасау сияқты нәрселерді қоғамдардың барлығы қашан болса да жақтырмайтын. Жақсылық пен жамандық жайлы осы түсінік киелі Құдайдан келмегенде кімнен келді?

Киелі кітаптан біз мынаны көреміз: осы дәлелдердің ешқайсысына қарамай адамдар Құдай туралы шындықты жоққа шығарып, өтірікке сенуге бейім. Римдіктерге арналған хаттың 1:25 аятында былай жазылған: «Өйткені адамдар Құдай туралы шындықты мойындамай, жалған тәңірлерге сиынып, Жаратушы Иеге бас ұрып ғибадат етудің орнына жаратылған нәрселерге құлшылық етті. Ал Жаратушы Құдай мәңгілік мадақталуға лайық! Аумин». Сонымен бірге адамдар Құдайға сенбегендері үшін ақтала алмайтын болады. Осы жайлы Киелі кітапта былай айтылған: «Өйткені Тәңірдің көзге көрінбейтін қасиеттері – Оның мәңгілік құдіреті мен құдайлық болмысы дүние жаратылғаннан бері айқын: бұларды Оның жаратқан нәрселерінен байқап, түсінуге болады. Сондықтан адамдар Құдайды біле алмадық деп сылтаурата алмайды» (Рим. хат 1:20).

Кейбір адамдар Құдайға сену «ғылыми тұрғыдан қарағанда дұрыс емес» немесе «Құдайдың бар екені жайлы нақты дәлел жоқ» деп ойлайды. Мұның негізгі себебі мынандай: адам Құдайдың бар екенін мойындаса, онда оған өзінің Құдайдың алдында күнәлы екенін және күнәлары үшін кешірім алуға мұқтаж екенін де мойындау керек болады (Рим. хат 3:23; 6:23). Яғни Құдай бар болса, біз өзіміздің істеріміз үшін Оның алдында жауап беруіміз керек. Ал Құдай жоқ болса, біз Оның жазасынан қорықпағандықтан ойымызға келгенін істей бере аламыз. Эволюция туралы теорияға жармасқан адамдардың соншама көп болғаны осы себептен, яғни олар Жаратушыға сенуден гөрі Құдай жоқ деген жалған пайымдауға сенгенді артық көреді. Құдай бар және адамдардың барлығы Оның бар екенін ақыр соңында білетін болады. Кейбір адамдардың Құдай бар деген ұғымды жан таласа жоққа шығаруға тырысатыны - Құдайдың бар екенін мақұлдайтын жағдай.

Құдайдың бар екенін растайтын соңғы пайымдауды келтіруге рұқсат етіңіз. Құдайдың бар екенін мен қалай білемін? Өйткені мен Онымен күнде сөйлесемін. Мен Оның дауысын естімесем де, Оның жетелеуі мен сүйіспеншілігін сезінемін және рақымын аңсаймын. Мен Құдайды қатыстырмасам, өз өмірімде болған жағдайларды басқа жолмен түсіндіре алмаймын. Құдай мені керемет жолмен құтқарып алып, өмірімді өзгерткендіктен мен Оның ұлылығын мойындап, Оны мадақтай бергім келеді. Алайда айқын нәрсені мойындағысы келмеген адамдар мен атап шыққан дәлелдердің ешқайсысына сенбейді. Ары бері деген соң адам Құдайдың бар екенін сенім арқылы мойындау керек (Еврей. хат 11:6). Құдайға сенім арту қара тұңғиыққа секірумен емес, керісінше, адамдардың 90 пайызы әлдеқашан кіріп алған жарық бөлмеге кірумен тең.



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Құдай бар ма? Құдайдың бар екеніне көз жеткізетін дәлел бар ма?