Құтқарылу жоспары деген не?




Сұрақ: Құтқарылу жоспары деген не?

Жауап:
Сіз ашыққаныңызды сезінесіз бе? Біздің айтып тұрғанымыздың тәндік аштық емес. Осы өмірде жан-дүниеңізге бірдеңе жетпей тұрғандай сезінуден болатын аштық.. Егер олай болса, сізге Иса керек! Иса былай деген: «Шынайы өмір сыйлайтын «нан» Менмін. Маған келгендер рухани нәрден тарықпай, сенгендер ешқашан шөлдемейтін болады» (Жохан 6:35).

Сіз абыржып жүрсіз бе? Осы өмірде дұрыс жолды немесе мақсатты ешқашан таба алмайтын сияқтысыз ба? Біреу шамдардың барлығын өшіріп тастағандай, ал сіз жандыратын тетікті таба алмай жүргендей сезінесіз бе? Егер олай болса, сізге Иса керек! Иса былай жариялаған: «Мен дүние үшін Нұрмын. Маған ерген кісі енді түнекте жүрмей, шынайы өмірдің Нұрына ие болады» (Жохан 8:12).

Сіз осы өмірде адасып кеткендей сезінесіз бе? Әр түрлі «есіктерді» ашқан кезде олардың артында қаңыраған әрі мағынасыз кеңістіктен басқа ештеңе жоқ екенін байқап түңіліп жүрсіз бе? Сіз мағыналы өмір сүрудің жолын іздеп жүрсіз бе? Егер олай болса, осы жол - Иса! Ол былай деген: «Мен «қақпамын», Менен кіргендер құтқарылады. Олар емін-еркін кіріп-шығып, жайылым табады» (Жохан 10:9).

Сізді басқа адамдар ренжітіп жүр ме? Басқалармен қарым-қатынасыңыз үстіртін әрі бос болып жүр ме? Басқалар сізді басынып жүр деп ойлайсыз ба? Егер олай болса Исаға келіңіз! Ол былай деген: «Мен «ізгі Бағушымын»: ізгі Бағушы қойлары үшін жанын қияды... Мен «ізгі Бағушымын». Әкемнің Мені, Менің Әкемді жақсы білетінім сияқты, Мен қарамағымдағыларды жақсы білемін, олар да Мені жақсы біледі» (Жохан 10:11,14).

Өлгеннен кейін өзіңізбен не болатыны туралы ойландыңыз ба? Сіз тұрақсыз, яғни бүгін бар, ертең жоқ болатын заттар үшін өмір сүруден шаршадыныз ба? Сіз жалпы өмірдің мағынасы бар деген ойға күмәнданасыз ба? Өлгеннен кейінде өмір сүргіңіз келе ме? Егер олай болса, сізге Иса керек! Ол былай деген: «Қайта тірілу мен шынайы өмір - Менмін. Маған сенетін адам өлсе де, шынайы өмір сүретін болады. Осылай өмір сүріп, Маған сенген әрбір адам ешқашан да рухани өлмейді» (Жохан 11:25-26).

Шынайы жол деген не? Шындық деген не? Өмір деген не? Иса былай деген: «Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды» (Жохан 14:6).

Сіз сезінген аштық, бұл - рухани аштық, оны Иса ғана қанағаттындыра алады. Иса ғана түнекті жарық ете алады. Иса – игілікке толы өмірге апаратын қақпа. Иса – сіздің бұрыннан іздеп жүрген Досыңыз және Бағушыңыз. Иса – сіздің осы дүниедегі және о дүниедегі шынайы өміріңіз. Иса - құтқарылуға апаратын жалғыз жол!

Сіздің рухани ашыққаныңыздың, түнекте адасып жүргендей сезінуіңіздің және өмірдің мақсатын іздеуге ұмтылуыныздың себебі – сіздің бұрын Құдайдан бөлініп қалғаныңыз болып табылады. Киелі кітапта біздің күнә жасағанымыздың кесірінен Құдайдан бөлінгеніміз туралы жазылған (Уағыздаушы 7:20; Рим. хат 3:23). Өмірімізде Құдай жоқ болғандықтан біз жүрегіміз қаңырап бос қалғандай сезінеміз, өйткені біз Жаратушымен қарым-қатынаста болу үшін жаратылдық. Біз күнәға батқаннан кейін осы байланысты жоғалтып алдық. Ал одан да жаман жағдай мынау: күнәның кесірінен біз осы өмірде ғана емес, о дүниеде де, яғни мәңгі-бақи Құдайдан ажырамақпыз (Рим. хат 6:23; Жохан 3:36).

Бұл мәселені қалай шешуге болады? Оны Иса арқылы ғана шешуге болады! Иса біздің күнәларымызды Өзіне артты (Қорынт. 2-хат 5:21). Ол біздің тартатын жазамызды Өз мойнына алып, біздің орнымызда өлді (Рим. хат 5:8). Ал үш күннен кейін Ол қайта тіріліп, осы арқылы Өзінің күнә мен өлімді жеңгенін дәлелдеді (Рим. хат 6:4-5). Иса осыны не үшін істеді? Бұл сұраққа Ол Өзі жауап берді: «Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі – олар үшін өмірін құрбан етуі» (Жохан 15:13). Ол біз өмір сүрсін деп жанын қиды. Егер біз Исаға сеніп, Оның өлімін күнәларымыздың төлемі ретінде қабылдасақ, онда күнәларымыздан тазарып, Құдайдан кешірім аламыз. Біздің рухани аштығымыз сонда ғана қанағаттандырылады. Өміріміз нұрланып, мағыналы болады. Біз өзіміз үшін өте жақсы дос және ізгі бағушы табамыз. Сонымен қатар, өлімнен кейін көкте Исамен мәңгі бірге болатынымызға кәміл сенетін боламыз.

Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады (Жохан 3:16).

Сіз осы жерде айтылғанды оқығаннан кейін Мәсіхті қабылдау жайында шешім жасадыңыз ба? Егер «иә» десеңіз, онда, «Мен бүгін Мәсіхті қабылдадым» деген түймені басыңыз.



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Құтқарылу жоспары деген не?