Маған неге өзімді өлтіруге болмайды?




Сұрақ: Маған неге өзімді өлтіруге болмайды?

Жауап:
Мен қазір өздерін өлтіргісі келген адамдар туралы ойланып отырмын. Егер сіз осындай адамдардың біреуі болсаңыз, онда сіздің жүрегіңіз үмітсіздік пен түңілуге толы болар. Сіз ешқандай үмітсіз терең тұңғиықтың ішінде болғандай сезінетін шығарсыз. Ешкім сізді ойламайтын және түсінбейтін сияқты. Өмір сүру мүлдем қажет емес нәрсе болып көрінеді. Әлде өмірдің мағынасы бар ма?

Адамды абыржытып әлсіздендіретін осындай сезімдер адамдардың көбінде болады. Мен осындай жағдайға түскен кезде маған мынандай ойлар келген: «Мені жаратқан Құдайдың еркі осы ма? Маған тіпті Құдай да көмектесе алмайды, сонда Оның соншалықты әлсіз (кішкентай) болғаны ма? Әлде менің мәселелерім Оған соншалықты үлкен болып көрінеді ме?»

Мен сізге мына нәрсені қуанышпен айтқым келеді: егер сіз дәл қазір өз өміріңізде Құдайға шынымен Құдай болуға жол берсеңіз Ол Өзінің қаншалықты ұлы екенін дәлелдеп береді! «Себебі Құдайдың ешбір сөзі де жүзеге аспай қалмас!» (Лұқа 1:37). Бәлкім сіздің жүрегіңіздегі бұрыннан қалған жаралардың әсерінен сіз өзіңізді жалғыз қалғандай сезінетін шығарсыз. Осы жаралардың ықпалынан сіз өз-өзіңізді аяп, біреуге ашуланып, біреуден кек алғыңыз келіп, сау емес қорқынышта болып жүрген шығарсыз. Осындай сезімдер сіздің қарым-қатынастарыңызда әр түрлі мәселелер тұдырады. Алайда сіз өзіңізді өлтірсеңіз онда өзіңіз ренжіткіңіз келмеген сүйікті (әрі еш жазығы жоқ) адамдарыңыздың жүректерін ауыртатын боласыз, демек енді олардың жүректері жараланып, олар өмірлерінің соңына дейін қиналатын болады.

Сізге неге өзіңізді өлтіруге болмайды? Қымбатты досым, өміріңіздегі жағдай қандай нашар болса да сізді сүйетін Құдай бар. Өзіңізді түңілдірген мәселені Оған тапсырыңыз, өйткені Ол осыны күтіп тұр. Ол сізді түңілудің қара түнегінен жарыққа алып шығады. Осы Көмекшінің аты – Иса.

Осы Иса, Құдайдың күнәсыз Ұлы, сіз түңіліп, қорланғандай сезінген кезде сізді түсініп, жұбатады. Ишая пайғамбар Ол туралы былай жазған: «Оның біз таңырқап қарайтындай ажары мен келбеті немесе бізге ұнайтындай түрі жоқ еді. Оны адамдар менсінбей, жалғыз қалдырды. Ол ауыр азап көріп, көп қасірет шегіп, жұрт бетін бұрып әкететіндей жиренішті болды. Оны біз де бағалаған жоқпыз. Шынында Құдайдың Қызметшісі біздің қасіретімізді Өзіне алды, біздің ауруларымызды өз мойнымен көтерді. Оның ұрылып, азап шегуін Құдай бұйырған жаза деп ойладық! Алайда Құдайдың Қызметшісі біздің күнәларымыз үшін түйреліп, біздің әділетсіз істеріміз үшін құртылды. Оның тартқан жазасы бізге амандық пен тыныштық әкелді. Оның жараларының арқасында біз сауықтық. Барлығымыз адасқан қойлардай тентіреп, өз бетімізбен жүрдік. Ал Жаратқан Ие бәріміздің күнәларымызды Қызметшісінің мойнына артты» (Ишая 53:2-6).

Қымбатты досым, Иса Мәсіх сіздің күнәларыңыздың кешірілуі үшін осының барлығына шыдап шықты! Сіздің жүрегіңіздегі кінәңыз қандай ауыр болса да Исадан кішіпейілділікпен кешірім сұрасаңыз, Ол сізді кешіреді. «Қиындық көргеніңде шақыр Мені, сонда құтқарып аламын сені, ал өзің мадақтайтын боласың Мені» (Забур жыр. 49:15). Иса үшін «кешіруге келмейтін нәрсе» деген жоқ. Біз Киелі кітапты оқыған кезде Құдайдың таңдалған әрі әйгілі қызметшілерінің үлкен күнәларға батқанын көреміз: Мұса кісі өлтірген, Дәуіт патша неке адалдығын бұзған, елші Пауыл адамдарды қорлап, ұрып-соққан болатын. Дегенмен олар кешіріліп, Құдай сыйлаған жаңа әрі ағыл-тегіл өмірге ие болды. «Мені әділетсіздігімнен арылтып, күнәларымнан түгел тазарта гөр!» (Забур жыр. 50:4). «Сонымен, біреу Мәсіхпен тығыз байланысса, сол – жаңадан жаратылған адам. Ескі өмірі өтіп кетіп, міне, жаңасы пайда болды!» (Қорынт. 2-хат 5:17).

Сізге неге өзіңізді өлтіруге болмайды? Қымбатты досым, Құдай сіздің жараланған жүрегіңізді сауықтыруға, яғни сіздің қазір үзгіңіз келетін өміріңізді жөндеуге дайын тұр. Ишая пайғамбар былай жазған: «Маған Жаратушы Тәңір Ие Өзінің Рухын қондырды. Мені жарлыларға ізгі хабарды жеткізіп, жаралы жүректерді жұбатып орнықтыруға тағайындап, сондай-ақ тұтқындарға босатылып, бұғаудағыларға азат болатындарын жар салуға жіберді. Мені Құдай Иеміз Өзінің кешірім беретін мейірімділік жылын әрі жауларынан кек алатын кезін жариялауға жұмсап, қайғырып жүргендердің бәрін жұбатуға да жіберді. Маған Сион қаласындағы жоқтап жүргендердің бастарына шашқан күл орнына әшекейлі тәж кигізіп, жұпар иісмай жағып, қайғыларын қуанышпен алмастыруды тапсырды. Үміттері үзіліп, көңілдерін мұң шалғандар енді мадақтау әндерін шырқап, шаттыққа бөленетін болады. Сонда олар Жаратқан Иенің Өзі отырғызған мықты ағаштары деп аталады.Оның алдында ақталған, әділдік істеп, салтанатты ұлылығын паш ететін халқы болады» (Ишая 61:1-3).

Исаға келіп, Оған сенім артып, өзіңіздің өміріңізді жаңартуға жол беріңіз, сонда Ол сізге қуанышты қайтарып, сізді тиімділігі зор тұлға етеді. «Мені құтқарғаныңа қуантып тағы, сыйлай гөр азғырылмайтын, берік рухты». «Аузыма ерік бере гөр, Тәңір Ием, Сені емін-еркін мақтап, дәріптеймін. Құрбандық шалуымды қаламай тұрсың, өртеу құрбандығын да ұнатпай тұрсың, әйтпесе оларды ұсынар да едім. Ал Құдайға ұнамды сый, құрбандық – күнәсына шынымен өкінген рух, шын өкініп, бағынған жүрекке Сен теріс қарамайсың, уа, Құдай Ием» (Забур жыр. 50:12, 15-17).

Сіз Иса Иені өзіңіздің Құтқарушыңыз және Бағушыңыз ретінде қабылдайсыз ба? Ол әр күні сіздің ойларыңыз бен қадамдарыңызды Өзінің сөзі, яғни Киелі кітап арқылы бағыттайтын болады. «Мен саған ақыл-кеңес беремін, жүретін жолыңды көрсетемін; сені көзімнен таса қылмай, әрдайым жетелеп жүремін» (Забур жыр. 31:8) «Лайым Ол саған тұрақтылық та, молынан аманшылық пен даналық және білім де сыйлайды. Жаратқан Иені терең қастерлеуің ұлы қазынаң іспетті болмақ» (Ишая 33:6). Сіз Мәсіхпен тығыз байланыста болған кезде өміріңізде әлі де күрес болады, бірақ енді сізде ҮМІТ бар болады. Иса сияқты «шынайы дос ағайыннан жақын болар» (Нақыл сөз. 17:24). Сіз маңызды шешім қабылдаған кезде Иеміз Иса сізге рақымын жаудырсын.

Егер сіз Иса Мәсіхті өзіңіздің Құтқарушыңыз деп қабылдағыңыз келсе, Құдайға шын жүректен мына сөздерді айтыңыз: «Құдай, Сен маған керексің. Барлық істеген әділетсіздіктерім үшін мені кешіре гөр. Мен Иса Мәсіхке сенім артып, Оны өзімнің Құтқарушым деп қабылдаймын. Мені тазалап, сауықтырып, өміріме қуанышты қайтара гөр. Сенің маған деген сүйіспеншілігің үшін және Исаның менің орныма өлгені үшін Саған алғыс айтамын».

Сіз осы жерде айтылғанды оқығаннан кейін Мәсіхті қабылдау жайында шешім жасадыңыз ба? Егер «иә» десеңіз, онда, «Мен бүгін Мәсіхті қабылдадым» деген түймені басыңыз.



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Маған неге өзімді өлтіруге болмайды?