Егер мен мәсіхші болсам, отбасым менен бас тартып, маңайымдағылар (өз ұлтымның адамдары) мені қудалайтын болады. Мен не істеймін?




Сұрақ: Егер мен мәсіхші болсам, отбасым менен бас тартып, маңайымдағылар (өз ұлтымның адамдары) мені қудалайтын болады. Мен не істеймін?

Жауап:
Әлемдегі елдердің көбісінде діни бостандық бар. Кейбір елдерде осындай бостандық тіпті олардың мәдениетінің негізі болып табылады. Осындай елдерде тұратындар басқа елдердегі сенушілердің қалайша және неліктен қудалауға тап болатындарын толық түсіне алмайды. Алайда Киелі кітап Құдайдың сөзі болғандықтан онда адамның өмірінде болатын мәселелер мен сынақтардың барлығы сипатталған. Сондықтан біз адамның қай заманда және қай жерде болсын қиыншылықтарға тап болатынын түсінуіміз керек. Иса Оның соңынан ерудің құны қымбат болатынын ескерткен. Демек Оның соңынан еру үшін адам бәрінен бас тарту керек. Бірінші төленетін құн: біз өзіміз. Иса Оның артынан еріп жүрген халыққа: «Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып Менің жолыммен жүрсін!» деген (Марқа 8:34). Айқыш өлімді білдіреді, сондықтан Иса осы сөздер арқылы адам өзі үшін «өліп», Құдай үшін өмір сүру керек деп айтып тұр. Яғни біз тілектеріміз бен талпыныстарымыздың бәрін айқышқа «шегелеп», Исадан жаңа өмір алуымыз керек, өйткені ешкім «екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды» (Лұқа 16:13). Дегенмен Иса сыйлайтын жаңа өмір осы әлемдегі барлық нәрседен артық әрі асыл.

Екінші төленетін құн біздің туысқандарымыз бен достарымыз болуы мүмкін. Матай 10:32-39 аяттарында Иса Оның жолын қуушылар мен олардың отбасыларын бір-бірінен ажырататынын айтады. Яғни өзінің отбасын Исадан артық көрген әркім Оның жолын қуушы бола алмайды. Егер біз отбасымыздағы татулық үшін Исадан бас тартсақ, онда Ол да көктегі Әкесінің алдында бізден бас тартпақ. Иса бізден бас тартса, біз жұмаққа кіре алмаймыз. Ал егер біз Исаның Кім екенін адамдардың алдында ашық жарияласақ, онда (төлеген құнымыз қандай болса да) Ол Әкесіне: «Бұл менің адамым, Әкетай, оны Патшалығыңа кіргізе бер» демек. Матай 13:44-45 аяттарында мәңгілік өмір «аса құнды інжу-маржанға» ұқсатылады, осы «інжу-маржан» үшін қолдағы барлық нәрсені қиған дұрыс. Осы әлемдегі қысқа әрі тұрақсыз нәрселерге жармаспақ болып мәңгілік құндылығы бар нәрседен айырылу ақымақтық болар. «Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті өмірінен айырылса, бұдан оған не пайда?» (Марқа 8:36). Джим Эллиот деген елші Эквадор еліндегі хуаорани тайпасына (индейстерге) Иса Мәсіх туралы Ізгі хабарды жеткізбек болып өмірінен айырылған. Осы елші: «Өткінші, пайдасыз әрі қолда тұрмас нәрседен өз еркімен бас тартып, оның орнына жоғалмайтын нәрсені алған адам ақымақ емес» деп еді.

Сонымен бірге Иса сенушілердің Оның атына бола міндетті түрде қудаланатынын айтқан. Қудалану Оның шәкірттері үшін әдеттегі нәрсе, сондықтан Иса осындай жағдайларда біздің батыл болғанымызды қалағандықтан бізді жігерлендіреді. Иса қудаланған сенушілерді «бақытты» деп, оларға: «Қуана шаттаныңдар! Себебі көкте сендерді зор сыйларың күтіп тұр!» деп жігер береді. Ол Құдайдың адамдарының әрқашан солай қудаланып келе жатқанын айтады. Көне келісімде зұлым адамдар пайғамбарларды ұрып соғып, қинап өлтіретін, тіпті денелерін арамен кесетін! (Еврей. хат 11:37). Патмос аралына жер аударған Жоханнан басқа елшілердің барлығы Мәсіхтің хабарын таратқандары үшін өлтірілген болатын. Петір айқышта өлер алдында өзін төңкертіп шегелетіпті, өйткені ол Исадай өлуге лайықты емеспін деп ойлаған. Дегенмен өзінің бірінші хатында осы Петір былай деп жазған: «Мәсіхтің атына бола қорлық көрсеңдер, бақыттысыңдар, себебі ұлылыққа бөлейтін Құдай Рухы сендерге орнығады» (Петір. 1-хаты 4:14). Елші Пауыл да Мәсіхтің хабарын уағыздағанына бола сан рет түрмеге қамалып, ұрып соғылса да, көрген азабын тіпті айтуға тұрмайтын болмашы нәрсе деп есептеген, өйткені ол болашақта өзін күтіп тұрған ұлылықтың әлдеқайда зор екенін білген (Рим. хат 8:18).

Исаның шәкірті болудың құны үлкен болып көрінгенімен, көкте берілетін сыйлармен қатар осы әлемде де берілетін сыйлар бар. Иса «дүниенің ақыр соңына дейін» бізбен бірге болуға уәде берді (Матай 28:20); Ол бізді ешқашан тастап кетпейді (Еврей. хат 13:5); Ол біздің қайғымыз бен азабымызды біледі, өйткені Өзі де біз үшін азап шекті (Петір. 1-хаты 2:21); Оның бізге деген сүйіспеншілігі шексіз; Ол біздің шамамыздан артық сыналуымызға жол бермейді, азғырылысқа қарсы тұруға күш-қуат беріп, одан құтылып шығуға көмектеседі (Қорынт. 1-хат 10:13). Біз өз отбасымыздағы немесе өз халқымыздағы алғашқы мәсіхші болсақ, онда, Құдайдың отбасының мүшелері ретінде, Оның сүйіспеншілігін осы әлемдегі өзімізге жақын әрі сүйікті адамдарға танытатын елшілерге айналамыз. Сонымен бірге біз Құдайдың басқа адамдарды Өзіне тартатын құралы боламыз. Осыны істеген кезде біздің қуанышымыз тұрақты әрі ойлағанымыздан зор болмақ.



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Егер мен мәсіхші болсам, отбасым менен бас тартып, маңайымдағылар (өз ұлтымның адамдары) мені қудалайтын болады. Мен не істеймін?