Құдайдың қасиеттері қандай? Құдай қандай Тұлға?




Сұрақ: Құдайдың қасиеттері қандай? Құдай қандай Тұлға?

Жауап:
Осы сұрақтарды талдамастан бұрын сізге жақсы жаңалық айтуға рұқсат етіңіз: біз Құдай туралы көптеген ғажайып нәрселерді тауып білмекпіз! Бұл тақырыпты зерттемек болғандар осы бөлімде жазылғанның барлығын мұқият оқып шығып, білгендерін кейін Киелі кітаптағы арнайы үзінділерге сүйеніп тексерсе, осылай істегендері оларға өте пайдалы болады. Біз міндетті түрде Киелі жазбадағы аяттарға жүгінуіміз керек, өйткені Құдайдың сөзінің беделі болмаса біздің айтқанымыздың барлығы бір пенденің әншейін айтқан пікірі болмақ. Ал пенденің Жаратушы жайлы көзқарастары жиі жағдайда қате болып шығады (Әйүп 42:7). Біз міндетті түрде Құдайды біліп тануға ұмтылуымыз керек. Осының біз үшін қаншалықты маңызды екенін тіпті түсіндіріп жатудың қажеті жоқ! Біз осыны істемесек, өзімізге жалған тәңірлерді жасап алып, олардың артынан қумақпыз (Мысыр. шығу 20:3-5).

Құдай бізге Өзі жайындағы нәрселердің қайсысын білдіретінін Өзі шешеді. Оның қасиеттерінің біреуі «Нұр», яғни Құдай Өзі туралы мәліметті адамдарға Өзі жеткізеді (Ишая 60:19; Жақып. хаты 1:17). Біз Оның Өзі жайлы берген мәліметін бағаламасақ, онда Оның қасына бара алмайтын боламыз (Еврей. хат 4:1). Бүкіл жаратылыс, Киелі кітап және адамға айналып арамызда өмір сүрген Оның сөзі - Иса Мәсіх бізге Жаратушының қандай екенін түсінуге көмектеседі.

Біз біріншіден мына шындықты түсінуге тырысайық: Құдай – Жаратушы, ал біз –Оның жаратылысының бөлігіміз (Жаратылыс. баст. 1:1; Забур жыр. 23:1). Құдай адамдардың рухани жағынан Оған ұқсас етіліп жаратылғанын айтады. Адам барлық жаратылыстан жоғары, сондықтан оған жаратылысты басқаруға билік берілген (Жаратылыс. баст. 1:26-28). Адам күнәға батқаннан кейін жаратылыс бүлінді, алайда біз әлі де одан Құдайдың құдіретті істерінің ұлылығын көре аламыз (Жаратылыс. баст. 3:17-18; Рим. хат 1:19-20). Жаратылыстың қаншалықты керемек, күрделі, әсем және ретті екеніне қарап, біз Құдайдың қаншалықты құдіретті әрі ғажап екенін түсінеміз.

Сонымен бірге біз Құдайдың әр түрлі есімдеріне қарап та Оның қандай екенін түсіне аламыз. Ол мынандай есімдермен аталады:

Ілой – Құдіретті Құдай (Жаратылыс. баст. 1:1)
Адонай – Ие (қызметкерлердің өз қожайындарына айтатын сөзі (Мысыр. шығу 4:10,13)
Эл Элион – Ең Жоғары, Ең Құдіретті (Жаратылыс. баст. 14:20)
Эл Рой – Бәрін Көретін Құдіретті (Жаратылыс. баст. 16:13)
Эл Шаддай – Бәрінен Құдіретті Құдай (Жаратылыс. баст. 17:1)
Эл Олам – Мәңгі Бар Болатын Құдай (Ишая 40:28)
Яһуә – Мәңгі Бар Болушы Ие (Мысыр. шығу 3:13,14)

Құдайдың қасиеттерін ары қарай қарастырайық. Құдай – Мәңгі Бар Болушы, яғни Ол ешқашан басталған да жоқ және аяқталмайды да. Құдай – мәңгі тірі болатын және еш шектеуі жоқ Тұлға (Заң. қайталау 33:27; Забур жыр. 89:3; Тімоте. 1-хат 1:17). Құдай ешқашан өзгермейді, яғни Ол сенімді (Малахи 3:6; Руларды санау 23:19; Забур жыр. 101:26,27). Құдай – теңдесі жоқ мінсіз Тұлға, демек болмысы мен істері жағынан Оған ұқсас ешкім жоқ (Патша. 2-жазба 7:22; Забур жыр. 85:8; Ишая 40:25; Матай 5:48). Құдайдың болмысы құпияларға толы, яғни Оны ешкім толық түсіне алмайды (Ишая 40:28; Забур жыр. 144:3; Рим. хат 11:33,34).

Құдай - әділ, демек Ол барлық адамдарға бірдей адалдық көрсетеді (Заң. қайталау 32:4; Забур жыр. 18:31). Құдайдың құдіретіне шек жоқ, яғни Ол қалағанының барлығын істей алады, алайда Оның істері Оның мінезіне сәйкес болады (Аян 19:6; Еремия 32:17,27). Құдай бір уақытта барлық жерде болады, Ол әлемде болып жатқан әр нәрсені біледі, алайда бұл сөз Құдай әр нәрсенің ішінде мекендейді дегенді білдірмейді (Забур жыр. 138:7-13; Еремия 23:23). Құдай бұрын не болғанын, қазір не болып жатқанын және болашақта не болатынын біледі. Ол тіпті біздің дәл қазір не ойлап тұрғанымызды да біледі. Әлемде не болып жатқанын жақсы білетін Құдай дер кезінде әр жағдайға әділ бағасын береді (Забур жыр. 138:1-5; Нақыл сөз. 5:21).

Құдай – біреу. Алайда бұл сөз Одан басқа Құдай жоқ деген ұғым ғана емес. Сонымен бірге осы сөз мынаны білдіреді: біздің жүрегіміздің мұқтаждықтары мен аңсауларын Құдай ғана қанағаттандыра алады, сондай-ақ біз жалғыз Оны мадақтап, өмірімізді жалғыз Оған арнауымыз керек (Заңды қайталау 6:4). Құдай - әділ болғандықтан әділетсіздікке жол бермейді. Ол біздің күнәларымызды жазалауға тиісті болған, алайда біздің жазамыз Иса Мәсіхтің мойнына артылды. Біздің кешірілуіміз үшін Иса құрбан болып, жанын қиды (Мысыр. шығу 9:27; Матай 27:45-46; Рим. хат 3:21-26).

Құдай барлық жаратылысқа билік жүргізеді. Жаратылыс Оның айтқанынан шыға алмайды, яғни қандай жағдай болса да Құдай Өзінің қалағанын іске асырады (Забур жыр. 92:1; 94:3; Еремия 23:20). Құдай – Рух, яғни көзге көрінбейді (Жохан 1:18; 4:24). Құдай – Үшбірлік, яғни үш тұлғалы Құдай. Алайда осы үш тұлғаның құдіреті бірдей. Матай жазған Ізгі хабардың соңғы тарауында «Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухтың атымен» деген сөздер арқылы осы үш тұлғаның бір Тұлға екені көрсетіледі (Матай 28:19; Марқа 1:9-11). Құдай – шындық, яғни Ол Өз-Өзіне қайшы келмейді және Оның бойында ешқандай жалғандық жоқ (Забур жыр. 116:2; Патша. 1-хат 15:29).

Құдай – киелі, демек Ол зұлымдық пен әдепсіздікті жек көреді. Құдай жамандықты көргенде қатты қаһарланады. Киелі жазбада Оның киелілігі отқа ұқсатылады: «Құдайымыз жалмап қоятын от іспетті!» (Ишая 6:3; Аббақұқ 1:13; Мысыр. шығу 3:2,4,5; Еврей. хат 12:29). Сонымен бірге Құдай – рақымды, яғни игілікке, мейірімділікке және сүйіспеншілікке толы. Осы қасиеттер бізге Құдайдың қаншалықты жақсы екенін кішкене болса да түсінуге көмектеседі. Құдай рақымды болмағанда біз Оған жақындай алмайтын едік, өйткені Оның басқа қасиеттері арқылы біз ешқашан құтқарылмас едік. Құдайға шүкір, Ол біздің әрқайсымызды жеке танығысы келеді (Мысыр. шығу 34:6; Забур жыр. 30-19; Петір. 1-хаты 1:3; Жохан 3:16; Жохан 17:3).

Біз Құдайдың қандай екенін шамамыз келгенше қарапайым түрде сипаттауға тырыстық. Қадірлі ағайын, Оны танып білуге ары қарай ұмтыла беріңіз!



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Құдайдың қасиеттері қандай? Құдай қандай Тұлға?