Киелі кітап Үшбірлік туралы не үйретеді?




Сұрақ: Киелі кітап Үшбірлік туралы не үйретеді?

Жауап:
Мәсіхшілік ілімдегі Үшбірлік жайлы түсінікті адамдарға ұқтыру ең қиын, өйткені осыны жеткілікті түсіндіріп беру мүмкін емес. Құдай шексіз әрі ғажайып Тұлға болғандықтан Оны әбден біліп тануға біздің қабілетіміз жетпейді. Киелі кітап бізге Құдай Әкенің, Исаның және Киелі Рухтың жалғыз Құдай екенін үйретеді. Сонымен бірге Киелі кітапта Құдай біреу-ақ деп те айтылған. Біз Үшбірліктегі Тұлғалардың өзара қатынасы туралы кейбір нәрселерді түсінгенімізбен, санамыз шектеулі болғандықтан оның барлығын толық ұға алмаймыз. Алайда бұл түсінік Киелі кітапқа сай ақиқат болып қала береді.

Осы тақырыпты зерттеген кезде біз «Үшбірлік» деген сөздің Киелі жазбада қолданылмағанына назар аударып, осыны есімізде сақтайық. Адамдар бұл сөзбен үш мәңгілік Тұлғадан тұратын Құдайды сипаттамақшы болған. Осы сөздің «үш Құдай бар» дегенді білдірмейтінін түсініңіз. Үшбірлік - үш Тұлғадан тұратын бір Құдай. «Үшбірлік» деген сөз Киелі кітаптың еш жерінде жазылмаған, алайда оны қолданғанда тұрған ештеңе жоқ. «Бірге Бар Болушы Үш Мәңгілік Тұлға» дегеннің орнына қысқаша «Үшбірлік» деуге болады емес пе? Егер сізге осыны түсіну қиын болса, былай ойлаңыз: Киелі кітапта «апа» деген сөз жоқ болса да, онда апалар туралы айтылады. Сарай Жақыптың апасы болған. Сондықтан «Үшбірлік» деген сөзге терең үңіліп қалудың қажеті жоқ. Ең маңыздысы -«Үшбірлік» деген сөз арқылы берілген түсінік. Осы ерекше кіріспеден кейін Үшбірлік жайлы аяттарды талдайық.

1) Құдай біреу-ақ: Заң. қайтал. 6:4; Қорынт. 1-хат 8:4; Ғалат. хат 3:20; Тімоте. 1-хат 2:5.

2) Үшбірлік үш Тұлғадан тұрады: Жаратылыс. баст. 1:1; 1:26; 3:22; 11:7; Ишая 6:8; 48:16; 61:1; Матай 3:16-17; Матай 28:19; Қорынт. 2-хат 13:14. Көне келісімдегі үзінділерді жақсырақ түсіну үшін еврей тілін білген пайдалы болады. Жаратылыс. баст. 1:1 аятында «Элохим» деген сөз көпше түрде қолданылады. Ал Жаратылыс. баст. 1:26; 3:22; 11:7 аяттары мен Ишая 6:8 аятында Құдай «біз» деген есімдікті пайдаланады. «Элохим» деген сөз бен «біз» деген есімдік Тұлғалардың екеуден көп болғанын көрсетеді. Қазақ тілінің грамматикасында жалғыз форма мен көпше форма ғана бар. Ал еврей тілінде осы екі формамен қатар тағы екеуді білдіретін жеке форма бар. Осы форма жұпты нәрселер туралы айтқанда қолданылады, мысалы: көз, құлақ, қол т.б. Ал «Элохим» деген сөз бен «біз» деген есімдік көпше форманы білдіреді, демек айтылған Тұлғалардың үшеу немесе одан көп болғанын көрсетеді (Әке, Ұл және Киелі Рух).

Ишая 48:16 мен 61:1 аятында Құдайдың Ұлы Әкесі мен Киелі Рух туралы сөйлейді. Ишая 61:1 мен Лұқа 4:14-19 аяттарын оқығанда Құдайдың Ұлының сөздеріне назар аударыңыз. Матай 3:16-17 аяттарында Исаның шомылдыру рәсімінен өткені туралы айтылады. Бұл жерде Құдайдың Киелі Рухы Құдайдың Ұлына қонғанда Құдай Әке Ұлына ризашылығын білдіреді. Матай 28:19 және Қорынт. 2-хат 13:14 аятында Үшбірліктің үш Тұлғасы туралы айтылады.

3) Үшбірліктің Тұлғалары әр түрлі үзінділерде бір-бірінен ерекшелендіріледі: Көне келісімде «Жаратқан Ие» ерекше есіммен аталады (Жаратылыс. баст. 19:24; Ошия 1:4). «Жаратушы Иенің» «Ұлы» бар (Забур жыр. 2:7; 12; Нақыл сөз. 30:2-4). Киелі Рух «Жаратушы Иеден» (Ру. санау 27:18) және «Әкеден» (Забур жыр. 50:10-12) өзгеше Тұлға ретінде көрсетіледі. Сонымен бірге «Ұл» «Құдай Әкеден» өзгеше Тұлға ретінде көрсетіледі (Забур жыр. 44:6-7; Еврей. хат 1:8-9). Жаңа келісімде, Жохан 14:16-17 аяттарында Иса Құдай Әкеден Көмекшіні, яғни Киелі Рухты жіберуін өтінеді. Бұл жерден біз Исаның Өзін Әке немесе Киелі Рух деп санамағанын көреміз. Исаның Інжілде Құдай Әкеге сөйлегеніне қарайық. Ол Өз-Өзімен сөйлесті ме? Жоқ. Ол Үшбірліктегі басқа Тұлғамен, Құдай Әкемен сөйлесті.

4) Үшбірліктің әр Мүшесі Құдай болып табылады: Әке – Құдай: Жохан 6:27; Рим. хат 1:7; Петір. 1-хаты 1:2. Ұл – Құдай: Жохан 1:1, 14; Рим. хат 9:5; Қолос. хат 2:9; Еврей. хат 1:8; Жохан. 1-хаты 5:20. Киелі Рух – Құдай: Елшілер. істері 5:3-4; Қорынт. 1-хат 3:16 (Сенушілердің бойында өмір сүретін Тұлға – Киелі Рух: Рим. хат 8:9; Жохан 14:16-17; Елшілер. істері 2:1-4).

5) Үшбірліктің ішіндегі Тұлғалардың бір-біріне бағынулары жайында біз Киелі жазбадан мынаны білеміз: Киелі Рух Әке мен Ұлға бағынады, ал Ұл Әкеге мойынсұнады. Бұл - Үшбірліктің ішіндегі қарым-қатынас, демек біз осы Тұлғалардың кейбіреулері «Құдай емес» деп айта алмаймыз. Жалпы біздің шектеулі ой-санамыз шексіз Құдайдың болмысын толық танып біле алмайды. Құдай Ұлы жайлы мына аяттарды да қараңыз: Лұқа 22:42; Жохан 5:36; Жохан 20:21; Жохан. 1-хаты 4:14. Киелі Рух жайлы мына аяттарды қараңыз: Жохан 14:16; 14:26; 15:26; 16:7 және әсіресе Жохан 16:13-14.

6) Ал Үшбірліктегі Тұлғалардың міндеттері мынандай: Құдай Әке мына нәрселердің пайда болуының себебі мен бастауы: 1) бүкіл әлем (Қорынт. 1-хат 8:6; Аян 4:11); 2) Құдайдың жоспары туралы аян (Аян 1:1); 3) адамзатты құтқару жолы (Жохан 3:16-17); және 4) Исаның жасаған істері (Жохан 5:17; 14:10). Осылардың барлығын басқарып, іске асырған Құдай Әке.

Ал Құдайдың Ұлы Әкесінің қызметкері ретінде мына жұмыстарды атқарады: 1) әлемді жаратып, оны басқару (Қорынт. 1-хат 8:6; Жохан 1:3; Қолос. хат 1:16-17); 2) адамзатқа Құдайдың жоспары туралы аян беру (Жохан 1:1; Матай 11:27; Жохан 16:12-15; Аян 1:1); және 3) адамзатты құтқару (Қорын. 2-хат 5:19; Матай 1:21; Жохан 4:42). Құдай Әке осы нәрселердің барлығын Оның қызметкері ретінде міндет атқаратын Ұлы арқылы істейді.

Ал Киелі Рух арқылы Құдай Әке мына жұмыстарды атқарады: 1) әлемді жаратып, оны басқару (Жаратылыс. баст. 1:2; Әйүп 26:13; Забур жыр. 103:30); 2) адамзатқа Құдайдың жоспары туралы аян беру (Жохан 16:12-15; Ефес. хат 3:5; Петір. 2-хаты 1:21); 3) адамзатты құтқару (Жохан 3:6; Тит. хат 3:5; Петір. 1-хаты 1:2); және 4) Исаның жасаған істері (Ишая 61:1; Елшілер. істері 10:38). Құдай Әке осының барлығын Киелі Рухтың құдіретімен істейді.

Адамдардың жасаған (тіпті ең кең тараған) сипаттамалары Үшбірлік туралы дұрыс түсінік бермейді. Мысалы жұмыртқаны алайық: оның сырты ақ, ал ішінде сарысы бар, алайда осының бәрі жұмыртқаның өзі емес, оның бөліктері. Ал Құдай Әке, Ұл және Киелі Рух Құдайдың «бөліктері» емес, осы Тұлғалардың әрқайсысы Құдай. Үшбірлікті суға ұқсатқанымыз жақсырақ болып көрінгенмен осы түсінік те қате болмақ. Су кәдімгі сұйық бола алады, сонымен бірге буға не мұзға да айнала алады, демек оның үш түрі болады. Алайда Әке, Құдай және Киелі Рух Құдайың құбылмалы түрлері емес, осы Тұлғалардың әрқайсысы Құдай. Жаңағы сияқты мысалдар бізге Үшбірлік жайлы біраз түсінік береді, бірақ осы түсініктердің барлығы дұрыс емес. Ой-санасы шектеулі пенде шексіз Құдайды дұрыс сипаттай алмайды. Біз Үшбірлікті түсінуге тырысудың орнына Құдайдың шексіз ұлылығына назар аударайық. «О, неткен бай Құдайдың даналығы, неткен терең Оның білік-парасаты! Шешімдеріне адам ақылы жетпес, жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес! «Кім Тәңірдің ақыл-парасатын ұққан, кеңесшісі боп бағыт берді Оған?» (Рим. хат 11:33-34).



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Киелі кітап Үшбірлік туралы не үйретеді?