Мәсіхшілік деген не? Мәсіхшілер неге сенеді?




Сұрақ: Мәсіхшілік деген не? Мәсіхшілер неге сенеді?

Жауап:
Қорынт. 1-хаттың 15:1-4 аяттарында былай айтылған: «Ал енді, бауырластар, мен сендерге уағыздаған Ізгі хабарды тағы да естеріңе салғым келеді. Сендер оны қабылдап, сенімдерің нығайып келді. Егер оны дәл мен уағыздағандай берік ұстансаңдар, осы Ізгі хабар арқылы құтқарыласыңдар; әйтпесе оған бекерге сенгендерің. Менің қабылдап алып, сендерге жеткізген ең басты хабарым мынау болды: Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандай, Мәсіх біздің күнәларымыздың құнын өтеу үшін жанын қиды. Осы жазбалардың тағы алдын ала айтып кеткеніндей, Мәсіх қабірге қойылып, үшінші күні қайта тірілді».

Мәсіхшіліктің қысқаша анықтамасы осы. Мәсіхшілік басқа сенімдерден ерекше, өйткені мәсіхшілікте басты көңіл діни әрекеттерге емес, қарым-қатынасқа бөлінеді. «Істеуге болады, істеуге болмайды» деген тізіммен жүрудің орнына мәсіхшілік адамды Құдаймен жақын достықта болуға жігерлендіреді. Осындай қарым-қатынас адамның өмірінде Иса Мәсіх пен Киелі Рухтың еңбегі мен қызметі арқылы туындайды.

Мәсіхшілер Киелі кітаптың Құдайдың жетелеуімен жазылғанына және ондағы хабардың жалғыз дұрыс ілім екеніне сенеді (Тімоте. 2-хат 3:16; Петір. 2-хаты 1:20-21). Мәсіхшілер Құдайдың тұлғалы екеніне, яғни Әкеден, Ұлынан (Иса Мәсіхтен) және Киелі Рухтан тұратынына сенеді.

Сонымен бірге мәсіхшілер адамзаттың Құдаймен қарым-қатынаста болу үшін арнайы жаратылғанына, алайда күнәның кесірінен Құдайдан ажырап қалғанына сенеді (Рим. хат 5:12; Рим. хат 3:23). Мәсіхшілердің нанымы бойынша Иса, толық болмысымен Құдай әрі адам бола тұра, осы дүниеге келіп, өмір сүріп, айқышта өлді; өлгеннен кейін Ол жерленіп, қайта тіріліп, Әкесінің оң жағынан отырды. Сол жерде ол Оған сенген барлық адамдар үшін Құдайға мәңгілік арашашы мінажат айтуда (Еврей. хат 7:25). Мәсіхшілік ілімде мынандай шындық жарияланады: Исаның айқыштағы өлімі арқылы барлық адамдардың күнәларының құны төленіп, осы арқылы Құдай мен адамның арасындағы бұзылған қарым-қатынас дұрысталды (Еврей. хат 9:11-14; Еврей. хат 10:10; Рим. хат 6:23; Рим. хат 5:8).

Мәңгілік өлімнен құтқарылу үшін адам бүкіл сенімін Мәсіхтің айқышта жасаған игі ісіне арту керек. Яғни сіз Мәсіхтің сіздің орныңызда өліп, күнәларыңызды төлеп, Оның өлімнен қайта тірілгеніне сенсеңіз онда құтқарыласыз. Адам өз күшімен ешқашан құтқарыла алмайды. Ешкім «жақсы адам» болуға тырысу арқылы Құдайды риза қылдыра алмайды, өйткені біз барлығымыз күнәкармыз (Ишая 64:6-7; Ишая 53:6). Сонымен бірге адамға құтқарылу үшін ешқандай жасайтын іс қалған жоқ, себебі Мәсіх барлық жұмысты түгел бітіріп тастаған! Сондықтан Иса айқышта жанын тапсырар алдында: «Енді түгел орындалды!» деді (Жохан 19:30).

Құтқарылу үшін ешқандай еңбек сіңірудің қажеті жоқ, сондай-ақ Мәсіхтің айқыштағы игі ісіне шын жүректен сенім артқан адамның осы құтқарылудан айырылып қалуы да мүмкін емес. Есіңізде болсын, Мәсіх барлық жұмысты бітіріп қойған! Құтқарылуға ие болған адамға ештеңе байланысты емес! Жохан жазған Ізгі хабардың 10:27-29 аяттарында былай жазылған: «Өз «қойларым» даусымды естіп, бағынады. Мен оларды жақсы білемін, олар Маған еріп жүреді. Соларға мәңгілік өмір беремін. Олар ешқашан құрымайды, ешкім оларды Менің қолымнан тартып алмайды. Оларды Маған берген Әкем бәрінен де ұлы. Ешкім соларды Әкемнің қолынан да тартып ала алмайды».

Кейбіреулер былай ойлау мүмкін: «Мынау жақсы болды ғой! Енді ойыма келгенді істей берсем де құтқарылудан айырылмаймын ба?» Алайда құтқарылу ойға келгенді істеу дегенді білдірмейді. Құтқарылудың мығынасы: күнәлы болмысымыздың құлдығынан азат етіліп, Құдаймен дұрыс қарым-қатынаста болу. Мәсіхке сенген адамдар осы әлемде өмір сүргенде ғұмыр бойы күнәлы болмысымен күресіп шығады. Күнә Құдай мен адамның арасындағы қарым-қатынасқа кедергі жасайды, сондықтан егер сенуші күнәлы өмір сүрсе онда Құдайдың оған бергісі келген қуаныш пен батадан айырылады. Дегенмен мәсіхшілер Құдайдың сөзін оқып, Киелі Рухтың жетелеуімен жүрсе онда күнәны жеңетін болады. Сенушілер күнделікті өмірде өздерін толығымен Киелі Рухқа тапсырып, Құдайға бағыну керек.

Көптеген діндер адамға «мынаны істе, мынаны істеме» деп шектейтін талаптар қояды. Ал мәсіхшілік сенім адамды Құдаймен қарым-қатынаста болуға жігерлендіреді. Мәсіхшіліктің негізі – Исаның айқышта біздің күнәларымыздың құнын төлеу үшін өліп, қайта тірілуі. Сіздің күнәңыздың құны төленді, енді сіз Құдаймен татуласып, Онымен дұрыс қарым-қатынаста бола аласыз. Сіз өзіңіздің күнәлы болмысыңызды жеңіп, Құдайға бағынып, Онымен дос бола аласыз. Құдайдың сөзіне негізделген шынайы мәсіхшілік деген осы.



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Мәсіхшілік деген не? Мәсіхшілер неге сенеді?