settings icon
share icon
Сұрақ

Иса Мәсіх Кім?

Qazaq

Жауап


Иса Мәсіх Кім? Құдайдың шынымен бар екеніне күмәнданатын адамдар аз емес. Алайда Иса Мәсіхтің бар болғанына күмәнданатындар азырақ. Адамдар Исаны шамамен 2000 жыл бұрын Исраил елінде өмір сүрген адам деп санайды. Дегенмен Оның болмысы туралы сөйлескен кезде көптеген дау-жанжал туындайды. Кең тараған діндердің әрқайсысы дерлік Исаны пайғамбар, игі ұстаз немесе тақуа адам деп есептейді.

К.С. Льюис деген мәсіхші жазушы өзінің «Кәдімгі мәсіхшілік» деген кітабында былай жазған: «Мен барлық адамдарға мына жиі айтылатын ақымақ нәрсені айтпауды ескерткім келеді: «Мен Исаның игі ұстаз екенін мойындауға дайынмын, бірақ Оның Құдай екеніне келіспеймін». Біз ешқашан осылай айтпауымыз керек. Иса кәдімгі адам бола тұра осындай сөздерді айтқанда онда игі ұстаз деп аталуға лайықты болмас еді. Мұндай тұлға «мен жұмыртқамын» дейтін есі ауысқан адам немесе тозақтан шыққан шайтанның өзі болар еді. Сондықтан сізге енді таңдау жасау керек: сіз Исаны Құдайдың Ұлы деп қабылдайсыз ба әлде Оны есі ауысқан адам немесе тіпті одан да жаман біреу деп санайсыз ба? Оны ақымақ немесе жын ұстаған біреу деп, бетіне түкіресіз бе әлде аяғына жығылып, Оны Иеңіз әрі Құдайыңыз деп қабылдайсыз ба? «Оның Құдай Ұлы болғанына келіспеймін, бірақ Оның Игі Ұстаз болғаны рас» деп сандырақтаудан аулақ болайық. Ол бізге солай сөйлеуге құқық берген жоқ. Ол біздің солай қателескенімізді қаламайды».

Сонымен Иса Өзін Кім деп атаған? Киелі кітап Оны кім дейді? Біріншіден Жохан 10:30 аятына қарайық. Иса осы жерде: «Әкем екеуіміз біртұтаспыз» дейді. Бұл сөздерге бірінші қарағанда Иса Өзін Құдай деп атамағандай көрінеді. Алайда осы сөздерді естіген еврейлердің серпілісіне қарайық. Олар Исаға: «Сені игі ісің үшін емес, Құдайды қорлағаның үшін тас лақтырып өлтірмекпіз. Сен адам бола тұра, Өзіңнен Құдай жасағың келеді!» - деді (Жохан 10:33). Демек еврейлер Иса Өзін Құдай деп атады деп пайымдады. Келесі аяттарда біз Исаның: «Мен Өзімнен Құдай жасаған жоқпын» - деп ақталғанын көрмейміз. Яғни Иса Өзінің Құдай екенінен бас тартпады. Ол: «Әкем Екеуіміз біртұтаспыз» дегенде Өзінің Құдай екенін жариялады (Жохан 10:30). Осы жайлы тағы бір мысал - Жохан 8:58. Иса: «Сендерге маңызды шындықты айтайын: Ыбырайым тумастан бұрын-ақ Мен бар болатынмын» - деді. Бұл жерде де еврейлер Оны тас лақтырып өлтірмекші болды (Жохан 8:59). Иса Өзін Құдайдың Көне келісімдегі есімімен атайды (Мысыр. шығу 3:14) Неліктен еврейлер Исаны тас лақтырып өлтірмекші болды? Өйткені Иса Өзін Құдай деп атады, ал еврейлер үшін бұл сөздер Құдайды балағаттаумен тең болған.

Жохан 1:1 аятында: «Сөз Құдай еді», ал Жохан 1:14 аятында: «Сөз адамға айналып, арамызда өмір сүрді» деп жазылған. Бұл сөздер Исаның адам кейіпінде келген Құдай екенін білдіреді. Исаның шәкірті Тома өзінің Ұстазына: «Ием менің, Құдайым менің!» - деді. Иса оны түзетпеді. Елші Пауыл Исаны «Ұлы Құдайымыз және Құтқарушымыз» деп атайды (Тит. хат 2:13). Елші Петір де Иса туралы «Құдайымыз бен Құтқарушымыз» дейді (Петір. 2-хаты 1:1). Исаның Кім екенін Құдай Әкенің Өзі де растайды: «Уа, Құдай, Сенің тағың сақталады мәңгілік, жүргізесің Патшалығыңа әділ билік». Сонымен бірге Исаның Құдай екені Көне келісімде де жарияланады: «Себебі Сәби дүниеге келді, біз үшін осы Ұл сыйға берілді! Билік болады Оның қолында мәңгі: Оны «керемет ақылды Кеңесші, Құдіретті Құдай, Мәңгілік Әке, тыныштық пен амандықты сыйлайтын Әмірші» деп те атайтын болады» (Ишая 9:6).

Сондықтан К.С. Льюис пікірі дұрыс: Иса бізге Өзі туралы: «Оның Құдай Ұлы болғанына келіспеймін, бірақ Оның Игі Ұстаз болғаны рас» деп айтуға құқық берген жоқ. Егер Иса Құдай болмаса, онда Ол өтірікші. Ал өтірікші пайғамбар да, игі ұстаз да, тіпті иманды адам да бола алмайды. Қазіргі заманның «оқымыстылары» Исаның сөздерін сараптауға тырысып жүр, алайда олардың Иса туралы «тарихи тұрғыдан» айтқан пайымдауларында Киелі кітаптағы ақиқаттар аз айтылады. Исаның не айтқаны немесе не айтпағаны жайлы дауласатындай біз сонша кімбіз? Құдайдың сөзі жайлы дауласатындай біз сонша кімбіз? Исадан кейін екі мың жылдан соң дүниеге келген «оқымыстылар» Оның не айтқанын немесе не айтпағанын қайдан біледі? Осыны ең жақсы білгендер - Исамен бірге жүріп, қызмет еткен және Одан үйренген Оның шәкірттері емес пе? (Жохан 14:26)

Исаның болмысы жайлы осы сұрақ неліктен соншалықты маңызды? Исаның Құдай болғаны немесе болмағаны неліктен соншалықты маңызды? Мұның ең маңызды себебі мынандай: егер Иса Құдай болмағанда Оның өлімі бүкіл адамзаттың күнәларының құнын төлеуге жеткіліксіз болар еді (Жохан. 1-хаты 2:2). Мұндай орасан әрі шексіз құнды Құдай ғана төлей алады (Рим. хат 5:8; Қорынт. 2-хаты 5:21). Біздің күнәмыздың құнын төлеу үшін Иса Құдай болуға, ал өлу үшін Ол адам болуға тиісті болған. Адам баласы Иса Мәсіхке сенім арту арқылы ғана құтқарыла алады! Иса – Құдай әрі құтқарылудың жалғыз жолы. Ол Өзінің Құдай екенін былай жариялаған: «Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды» (Жохан 14:6).

English



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз

Иса Мәсіх Кім?
© Copyright Got Questions Ministries