settings icon
share icon
Сұрақ

Төрт рухани заң деген не?

Qazaq

Жауап


Төрт рухани заң - Иса Мәсіхке сену арқылы құтқарылу әкелетін Ізгі хабарды адамдарға жеткізу құралы. Яғни осы төрт заң Інжілдегі маңызды мәліметті төрт бөлімге қорытындылаудың қарапайым әдісі.

Төрт рухани заңның біріншісін мына сөйлеммен қорытындылауға болады: «Құдай сізді сүйеді және Оның сіздің өміріңізге арнаған керемет жоспары бар». Жохан жазған Ізгі хабардың 3:16 аятында былай айтылған: «Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады». Жохан жазған Ізгі хабардың 10:10 аятында Исаның осы әлемге қандай мақсатпен келгені жайында айтылған: «...Мен адамдар шынайы өмірге ие болсын және өмірі рухани игілікке толы ағыл-тегіл мол болсын деп келдім». Бізді Құдайдың сүйіспеншілігінен не айырады? Өміріміздің рухани игілікке толы әрі мол болуына не кедергі болып тұр?

Екінші рухани заңды мына сөйлеммен қорынтылауға болады: «Адамзат күнәмен ластанғандықтан Құдайдан ажырап қалған. Осының салдарына байланысты біз Құдайдың өз өмірімізге деген жоспарын біле алмаймыз». Римдіктерге арналған хаттың 3:23 аяты осыны құптайды: «...бәрі де күнә жасап, Құдайдың өздеріне белгілеген ұлылығынан құр алақан қалды». Ал Римдіктерге арналған хаттың 6:23 аятында күнәның зардабы жайлы: «Күнәның беретіні – (мәңгілік) өлім» деп айтылған. Құдай бізді Онымен қарым-қатынаста болуымыз үшін жаратты. Алайда адамзат күнәның кесірінен Құдайдан бөлінді, яғни біз Құдайдың өзімізге сый ретінде бермек қарым-қатынасын бұздық. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

Үшінші рухани заң мынандай: «Құдай біздің күнәмыздың құнын жалғыз Иса Мәсіх арқылы ғана өтей алады. Демек Иса Мәсіх арқылы біздің күнәларымыз кешіріліп, Құдаймен қарым-қатынасымыз дұрысталады». Римдіктерге арналған хаттың 5:8 аятында былай жазылған: «Дегенмен, әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде біз үшін Мәсіх өмірін құрбан етті! Осы арқылы Құдай бізге Өзінің зор сүйіспеншілігін дәлелдеді». Қорынттықтарға арналған 1-хаттың 15:3-4 аяттары біздің құтқарылу үшін нені біліп, неге сенуіміз керек екенін айтады: «... Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандай, Мәсіх біздің күнәларымыздың құнын өтеу үшін жанын қиды. Осы жазбалардың тағы алдын ала айтып кеткеніндей, Мәсіх қабірге қойылып, үшінші күні қайта тірілді». Жохан жазған Ізгі хабардың 14:6 аятында Иса Өзінің құтқарылуға апаратын жалғыз жол екенін жариялайды: «Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды». Мен осы тамаша құтқарылу сыйын қалай ала аламын?

Төртінші рухани заң мынандай: «Құтқарылу сыйын алып, Құдайдың біздің өмірімізге деген керемет жоспарын түсіну үшін біз Иса Мәсіхті Құтқарушы деп қабылдап, барлық сенімімізді Оған артуымыз керек». Жохан жазған Ізгі хабардың 1:12 аятында осы жағдай жайлы мынандай түсіндірме беріледі: «Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті». Елшілердің істері кітабының 16:31 аятында мынандай айқын үндеу бар: «Иеміз Иса Мәсіхке сен, сонда өзің де, үй ішің де құтқарыласыңдар!» Біз Құдайдың рақымымен ғана және Иса Мәсіхке сену арқылы ғана құтқарыла аламыз (Ефес. хат 2:8-9).

Егер сіз Иса Мәсіхті өзіңіздің Құтқарушыңыз деп қабылдап Оған сенгіңіз келсе төменде көрсетілгендей мінажат етіңіз. Алайда есіңізде болсын: сізді осы мінажат емес, Иса Мәсіхке деген сеніміңіз құтқарады. Ал мінажат ету арқылы сіз өзіңіздің Құдайға сенетініңізді және сізді құтқарғаны үшін Оған риза екеніңізді білдіресіз. «Құдайым! Мен Сенің алдында күнә жасағанымды мойындаймын және жазалануға тиісті екенімді білемін. Бірақ Иса Мәсіх менің Оған артқан сенімім арқылы кешірілуім үшін менің тартатын жазамды Өз мойнына алды. Мен өз күнәларымды мойындаймын және менің құтқарылу жолым жалғыз Сен ғана екеніне сенемін. Сенің маған төккен рақымыңа және бірген кешіріміңе рахмет! Аумин!»

Сіз осы жерде айтылғанды оқығаннан кейін Мәсіхті қабылдау жайында шешім жасадыңыз ба? Егер «иә» десеңіз, онда, «Мен бүгін Мәсіхті қабылдадым» деген түймені басыңыз.

English



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз

Төрт рухани заң деген не?
© Copyright Got Questions Ministries