settings icon
share icon
Сұрақ

Өмірдің мәні неде?

Qazaq

Жауап


Өмірдің мәні неде? Мен өмірімнің мақсатын қалай таба аламын? Мен қандай парыздарды орындауым керек? Өміріме разы болу үшін мен не істеуім керек? Ұзақ уақыт бойы құны кетпес игі істерді жасауға менің қабілетім бар ма? Көптеген адамдар өмірдің мәні жайлы үнемі ойланып жүреді. Олар бұрынғы өміріне қарап, сол кездегі қарым-қатынастарының неліктен бұзылғанын түсінбейді. Сонымен бірге олар өздері аңсаған табыстарға жеткеннен кейін неліктен риза болмайтынын (бос сезінетінін) білмейді. Бір бейсбол шебері атақты болып, оның суреті әйгілі спортшылардың қатарына қойылыпты. Адамдар одан: «Сіз осы маңсабыңызды бастамастан бұрын біреудің сізге не айтқанын қалар едіңіз?» деп сұрапты. Жаңағы әйгілі бейсболшы: «Сол кезде біреу маған: «Жоғарыға ұмтылып, биікке жеткеннен кейін сол жерде ештеңе таппайсың» деп атса-ау, шіркін!» депті. Мақсаттардың көбісі оларға бірнеше жылдан кейін қол жеткізген соң түкке тұрмайтын болып шығады.

Біздің гуманисттік қоғамымызда адамдар өмірдің мәнін таппақшы болып, көптеген мақсаттарға қол жеткізгісі келеді. Адамдардың қалаулары әр түрлі болады: кәсіпкерлік табысқа жету, байлыққа ие болу, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу, жыныстық қатынастан ләззат алу, ойын-сауықтан қуаныш іздеу, басқаларға игі істер жасау т.б. Осының барлығына қол жеткізген адамдар кейін өздерінің бос сезінгендерін жасырмай айтады. Осындай адамдар өздерінің қаңырап түрған жүректерін ештеңе толтыра алмайтындай сезінеді.

Киелі жазбадағы Уағыздаушы кітабының авторы осы сезімді: «Құр бекершілік! (Жеке өздігінен өмірдің) бәрі де құр бекер әрі мағынасыз!» - деп сипаттайды (Уағыздаушы 1:2). Осы кітапты жазған автордың байлығы мен даналығы ерекше зор болатын (атап айтқанда бұлары сол кездегі және қазіргі замандағы адамдардан да асып түскен). Осы адамның бірнеше жүз әйелі болған, оның сарайлары мен бақтарына басқа елдердің патшалары қызығатын, ол тамақтың ең жақсысын жеп, шараптың ең жақсысын ішетін, ойын-сауықтың ең керемет түрлерін тамашалап демалатын. Ол өз жүрегі қалаған нәрселердің барлығына жеткенін мойындады. Оның шығарған қорытындысы мынау болды: «Осы өмірдің бәрі (яғни көзімізге көрінетін осы әлемде өмір сүру) құр бекер әрі мағынасыз!». Осындай сезім неліктен пайда болады? Өйткені Құдай бізді осы өмір үшін ғана емес, сонымен бірге басқа бір ұлы мақсатты іске асыру үшін жаратты. Сүлеймен патша: «Ол (Құдай) адамның жан дүниесіне мәңгілікті сезетін түйсікті дарытты» деген. Демек біздің жүректеріміз осы өмірден кейін тағы бірдеңе бар екенін сезеді.

Киелі жазбаның Жаратылыстың басталуы деген бірінші кітабынан біз Құдайдың адамды Өзіне рухани жағынан ұқсас етіп жаратқанын білеміз (Жаратылыс. баст. 1:26). Демек жаратылыстың арасында Құдайға ең қатты ұқсайтын біздерміз. Сонымен бірге біз адам күнәға батып қарғысқа ұшырамастан бұрын мына төрт жайттың бар болғанын көреміз: (1) Құдай адамды қарым-қатынас үшін (яғни қоғамдық тұлға етіп) жаратты (Жаратылыс. баст. 2:18-25); (2) Құдай адамға жұмыс берді (Жаратылыс. баст. 2:15); (3) Құдай адаммен қарым-қатынаста болды (Жаратылыс. баст. 3:8); (4) Құдай адамды бүкіл жердің бетіндегі жаратылысқа иелік етсін деп жаратты (Жаратылыс. баст. 1:26). Осы жайттардың маңыздылығы неде? Менің ойымша Құдай оларды біздің өмірімізге енгізіп, оларды іске асырмақшы болған, алайда адам күнәға батып, қарғысқа ұшырағаннан кейін осы жағдайдың барлығы (әсіресе адам мен Құдайдың арасындағы қарым-қатынас) бүлініп кетті (Жаратылыс. баст. 3).

Киелі жазбаның Аян деген соңғы кітабында ақыр заманда болатын оқиғалар сипатталады. Осы кітапта Құдай қазіргі көк пен жерді жойып, олардың орнына мәңгілік болатын жаңа көк пен жерді жарататынын жариялайды. Сол кезде Оның адамзатпен қарым-қатынасы дұрысталады. Адамдардың біразы жұмаққа кіруге лайықсыз деп жарияланып, отты көлге тасталады (Аян 20:11-15). Сол кезде күнәның қарғысы толығымен жойылады, яғни күнә, қайғы, ауру, өлім және басқа да қасиреттер атымен жоқ болады (Аян 21:4). Сенушілер Құдай берген игі мұраға ие болады; Құдай олармен бірге тұрып, оларды рухани бала ретінде қабылдайды (Аян 21:7). Сөйтіп біз айналып, Құдайға ораламыз: адам күнәға батып, Құдаймен қарым-қатынасын бұзып алды, бірақ Құдай адамзатпен татуласып, Өз жүзін көруге лайықты болғандарды мәңгілікке Өзіне қайтарып алатын болады. Осы өмірде армандаған нәрселердің барлығына жеткенімен Құдайдан ажыраған қалпымызда өлу құр бекершілік қана емес, сонымен бірге өте қорқынышты нәрсе! Алайда Құдай бізге мәңгілік өмірді сыйлаумен бірге осы өмірімізді де мағыналы әрі қанағатты қылдыра алады (Лұқа 23:43). Енді жаңағы мәңгілік рақат пен «осы әлемдегі пейішке» біз қалай қол жеткізе аламыз екен?

ИСА МӘСІХТІҢ АРҚАСЫНДА ӨМІРІМІЗ МАҒЫНАЛЫ БОЛАДЫ

Жоғарыда тұспалданғандай қазіргі өміріміз де, о дүниедегі өміріміз де Құдаймен татуласқан кезде ғана мағыналы болады. Біздің Құдаймен қарым-қатынасымыз Адам ата мен Хауа ана күнәға батқаннан кейін бұзылды. Біз енді Құдаймен Оның Ұлы Иса Мәсіх арқылы ғана татуласа аламыз (Елшілер. істері 4:12; Жохан 14:6; Жохан 1:12). Адам өз күнәларын мойындап, олар үшін Құдайдан кешірім сұраса (яғни енді күнә жасағысы келмей, өзгермекші болып Мәсіхтен көмек сұраса) және Иса Мәсіхті Құтқарушы деп қабылдаса мәңгілік өмірге ие болады (осы ең маңызды тақырып туралы көбірек мәлімет керек болса «Құдайдың құтқарылу жоспары қандай?» деген сұрақты қараңыз).

Дегенмен өмірдің шынайы мәні Исаны Құтқарушы деп әншейін қабылдай салуда ғана емес (Исаны өміріңізге шақыру – керемек әрі ғажайып оқиға, алайда сіз осымен ғана шектеліп қалмауыңыз керек). Өміріңіз мағыналы болу үшін сіз Мәсіхтің шәкіртіне айналып, Одан үйреніп, Оның сөзін оқып, Онымен уақыт өткізуіңіз керек. Сонымен бірге сіз Онымен бірге мінажат етіп, Оның бұйрықтарына мойынсұнуға тиіссіз. Егер сіз сенбеуші (немесе жаңа сенуші) болсаңыз онда маған: «Олай өмір сүру қызықсыз әрі пайдасыз емес пе!» деп айтатын шығарсыз. Ары қарай оқи беріңіз. Иса былай айтқан болатын:

«Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер, барлығың, жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін! Бірге жүріп, үйреніңдер Өзімнен, жуас, кіші пейілмін шын жүректен, тыныштық табады сонда жандарың. Себебі ыңғайлы – билігім Менің, әрі жеңіл – жүктейтін міндеттерім» (Матай 11:28-30). «Ал Мен адамдар шынайы өмірге ие болсын және өмірі рухани игілікке толы ағыл-тегіл мол болсын деп келдім» (Жохан 10:10). «Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып Менің жолыммен жүрсін! Себебі кім өмірімді сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған әркім оған (мәңгі) иелік етеді» (Матай 16:24-25). «Жаратқан Иеден тап рақатыңды, Ол сыйлайды ізгі жүрек қалауыңды» (Забур жыр. 36:4).

Осы аяттардан біз өзімізде таңдау бар екенін білеміз. Біз өз еркімізбен өмір сүре бере аламыз (мұның нәтижесі - мағынасыз өмір болмақ) немесе шын жүрекпен Құдайға мойынсұнып, Оның еркі бойынша өмір сүреміз (мұның нәтижесі: өміріміз игілік пен қуанышқа толы болады, жүрегіміздің қалаулары орындалады, біз барлығына қанағат боламыз). Осы неліктен солай болмақ? Өйткені Жаратушы Иеміз бізді сүйеді және бізге ең жақсыны тілейді (бұл - біздің өміріміз өте оңай болады деген сөз емес, бұл - біздің өміріміз мағыналы әрі рухани жағынан пайдалы болады дегенді білдіреді).

Мен осы мәтінді бағушы досымнан естіген мысалмен аяқтағым келеді. Егер сіз спорт ойындарының біреуін қатты жақсы көріп, оны тамашалауға бармақ болсаңыз, сізде екі таңдау болады: стадионның ең жоғары арзан орнына немесе ең жақын қымбаттау орнына отыру. Жақын орынға отырсаңыз сіз барлығын анық көретін боласыз. Мәсіхшінің өмірінде де дәл солай. Қауымға жексенбі күні ғана келетін сенушілер жаңағы «алдынғы қатарда» отыратын жанкүйерлерге жатпайды. Олар Құдайға тиісті құнды әлі төлеген жоқ. Мәсіхтің шынайы шәкірттері, демек «алдыңғы қатардағы жанкүйерлер», өздерінің қалауларын емес, Құдайдың қалауларын іске асыруға ұмтылады. Олар Құдайға тиісті құнды төлеп қойған (яғни өмірлерін Мәсіхке тапсырды). Осындай сенушілер рухани игіліктерге толы өмір сүреді, яғни олар кімнің алдында болсын (өздерінің, қасындағы адамдардың, Құдайдың алдында) өкінбей және ұялмай тұратын болады! Ал сіз тиісті құнды төледіңіз бе? Төлегіңіз келеді ме? Егер төлеген болсаңыз, онда өміріңіздің мәнін немесе мақсатын іздеп қиналмайтын боласыз.

English



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз

Өмірдің мәні неде?
© Copyright Got Questions Ministries