Киелі кітап құмар ойындар жайлы не айтады? Құмар ойындар ойнау күнә ма?




Сұрақ: Киелі кітап құмар ойындар жайлы не айтады? Құмар ойындар ойнау күнә ма?

Жауап:
Құмар ойындар жайлы мынандай анықтама берілген: «қолда бар ақшаны тәуекел етіп, оны кездейсоқ ұтыс арқылы көбейтуге тырысу». Киелі кітап құмар ойындар ойнауды, жеребе тастауды немесе лотерея ойнатуды нықты түрде әкшерелемегенімен, бізге ақшаны сүюден аулақ болуды ескертеді (Тімоте. 1-хат 6:10; Еврей. хат 13:5). Сонымен бірге Киелі жазба бізді «оңай олжаға» ұмтылудан сақтандырады (Нақыл сөз. 13:11; 23:5; Уағыздаушы 5:10). Құмар ойындар негізінде адамдардың ақшаға деген қызығушылығын қоздырып, оларды оңай олжаға қызықтырып, азғырады.

Құмар ойындардың қандай зияны бар? Бұл мәселені сараптау оңай емес, өйткені адам құмар ойындармен аз мөлшерде және кейде ғана шұғылданса, онда оның біраз ақшасы бекер кеткенімен оның осы қылығын «зұлымдыққа» жатқызу қиын болар. Құмар ойындарға ақша жұмсау жалпы киноға, қымбат тамаққа немесе басқа нәрселерге ақша жұмсауға ұқсас. Алайда мұндай ұқсастық адамның құмар ойындарға ақшасын құртуына сылтау бола алмайды. Ақшаны қалай болса солай ұстауға болмайды. Адам артылған ақшасын құмар ойындарға жұмсамай, болашақ мұқтаждықтарына сақтау керек немесе Құдайдың қызметіне ұсыну керек.

Киелі кітапта құмар ойындар туралы не айтылған: Киелі кітапта құмар ойындар жайлы арнайы айтылмағанымен, онда «сәт» немесе «мүмкіндік» деген сөздер бар. Леуіліктер кітабында еврейлер қай текенің құрбандыққа шалынатынын және қай текенің шалғайға айдалатынын анықтау үшін жеребе тастайтын. Ешуа жеребе тастау арқылы жерді әр түрлі руларға бөліп берді. Нехемия Иерусалимнің қабырғаларының ішінде тұратын адамдарды жеребе бойынша таңдады. Сонымен бірге Яһуда Исқариоттың орнына тағайындалған шәкірт те осындай әдіспен таңдалды. Нақыл сөз. 16:33 аятында: «Лақтырға жеребең алдыңа түсер, оның шешімін Жаратқан Ие берер» деп айтылған. Құмар ойындар немесе «сәтті орай» Киелі кітаптың еш жерінде ермек үшін қолданылмайды да және Құдайдың адамдарына тән әрекет ретінде көрсетілмейді де.

Ойынханалар мен лотереялар: Ойынханалар адамдарды өз ақшаларын туәекел еткізу үшін әр түрлі айлалар қолданады. Ойынханадағы арақ-шарап әдетте өте арзанға сатылады немесе тіпті тегін беріледі, адамдар осыған қызығып, іше береді, ал мас болған адамның ақылды шешім қабылдауы екі талай. Ойынхананың бүкіл жүйесі адамдарды білдіртпей тонауға бағытталған, яғни мұндай орындар адамдардан көп ақша алып, оларға мағынасыз ләззаттан басқа ештеңе ұсынбайды. Ал лотереяны ұйымдастырған ұжымдар білім беру шараларын немесе әлеуметтік бағдарламаларды қолдағандай болып көрінгісі келеді. Алайда осы салада жасалған зерттеулерден мынандай мәлімет шықты: лотереяға қатысқан адамдардың тұрмыс дәрежесі өте төмен, яғни тіпті лотерея билеттерін алатындай деңгейде емес. Мұқтаждықтан әбден түңілген осындай адамдар азғырылып, «оңай олжаға» ұмтылады. Бірдеңе ұтып алу мүмкіндігі өте аз болғандықтан осындай адамдар көбісі өз-өздеріне зиян келтіруден басқа ештеңеге қол жеткізбейді.

Лотерея ойнату Құдайға ұнамсыз іс. Көптеген адамдар: «Мен лотерея немесе құмар ойындар арқылы көп ақша ұтсам, оны қауымға беремін немесе басқа игі іске жұмсаймын» дейді. Бұл жақсы ниет. Дегенмен құмар ойындар арқылы ақша ұтқандардың көбісі олжаларын игі істерге жұмсамайды. Зерттеулер мынандай жағдайды көрсетеді: бірнеше жыл бұрын лотереядан ақша ұтқан адамдардың көбісі кейін одан бетер қиын жағдайға түсіп кетеді екен (демек ақшасы жетпей қиналатын болады). Құдай Өзінің жұмысын мұндай ақшасыз-ақ та жүргізеді. Нақыл сөз. 13:11 аятында: «Оңай олжа тез таусылар, еңбекпен жинаған байлығын молайтар» деп айтылған. Құдіретті Жаратушы қауымның мұқтаждықтарын адал жолмен қамтамасыз етеді. Есірткі сатқаннан немесе банкті тонаудан түскен ақшаға Құдайдың риза болуы мүмкін бе? Кедейлерді «оңай олжамен» алдап, олардың ақшасын «ұрлау» да сүйкімсіз іс болып табылады, сондықтан осындай жолмен түскен ақша да Құдайға керек емес.

Тімоте. 1-хат 6:10 аятында: «Өйткені ақшақұмарлық - әр түрлі жамандықтың түп тамыры; кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті» деп айтылған. Ал Еврей. хат 13:5 аятында мынандай үндеу бар: «Ақша жанды болмай өмір сүріп, қолдағы барды қанағат тұтыңдар! Құдай: «Мен сенен бас тартпаймын, ешқашан жалғыз қалдырмаймын» деген ғой». Ал Матай 6:24 аятында: «Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Олай еткен күнде біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайды. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!»



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Киелі кітап құмар ойындар жайлы не айтады? Құмар ойындар ойнау күнә ма?