Киелі кітапта ажырасу мен қайта үйлену туралы не айтылған?




Сұрақ: Киелі кітапта ажырасу мен қайта үйлену туралы не айтылған?

Жауап:
Біріншіден, біз ажырасу жайлы қандай пікірде болсақ та, Киелі жазбадағы Малахи кітабындағы 2:16 аятын есімізде сақтайық: «Себебі Мен ерлі-зайыптының ажырасқанын жек көремін! — деп жариялайды Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие». Киелі кітап бойынша неке - өмір бойы атқарылатын міндет. «Осылайша олар енді екеу емес, бұртұтас. Сонымен Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!» (Матай 19:6). Неке екі күнәкардың одағы болғандықтан олардың ажырасуы да мүмкін. Құдай осыны білген. Көне келісімде Құдай ажырасқан адамдардың, әсіресе әйелдердің құқықтарын қорғау үшін арнайы заңдар шығарды (Заң. қайтал. 24:1-4). Иса Құдайдың осы заңдарды Өзінің қалауына сай емес, адамдардың жүректерінің қасарысқандығына бола шығарғанын айтты (Матай 19:8).

Исаның Матай 5:32 және 19:9 аятында ажырасу мен қайта үйлену жайлы айтқан сөздері туралы адамдардың арасында біраз келіспеушіліктер бар. Киелі кітап бойынша Құдай «жеңіл жүріске түскен» жұбайдан ғана ажырасуға рұқсат береді. Адамдардың көбісі осыны бір-біріне айттырылған жастардың жүріс-тұрысына меңзейді. Еврей халқының салт-дәстүрі бойынша бір-біріне айттырылған болашақ жұбайлар үйленген деп есептеледі. Осы кезде неке адалдығын бұзу ажырасудың жалғыз себебі бола алады.

Алайда «жеңіл жүріс» деген сөз грек тілінде жыныстық азғындықтың кез келген түрін білдіре алады: басқа адамға құмарлану, жезөкшелік, неке адалдығын бұзу т.б.Иса осы аяттарда жыныстық азғындыққа салынған адамнан ажырасуға болады деп айтып тұрған шығар.Ерлі-зайыптылардың бір-бірімен жыныстық қатынаста болуы «екеуі біртұтас болады» деген түсінктің негізгі бөлігі (Жаратылыс. баст. 2:24; Матай 19:5; Ефес. хат 5:31). Сондықтан жұбайдың біреуі неке адалдығын бұзса, онда екіншісіне одан ажырасуға рұқсат беріледі. Осы үзіндіде Иса қайта үйлену туралы да айтады. «Басқаны алса» деген сөздер (Матай 19:9) адамға кейбір ерекше жағдайларда ажырасуға және қайта үйленуге болатынын білдіреді. Назарды аударатындай ең маңызды нәрсе мынау: кінәсы жоқ жұбай ғана қайта неке құра алады. Алайда «кінәсыз жұбайдың қайта неке құра алатыны - Құдайдың оған берген рақымы» деген пайымдау Киелі кітапта жоқ. Кейбір жағдайларда «кінәлы жақ» та қайта неке құра алатын шығар. Кінәсы бар жұбайдың үйлене алатыны немесе үйлене алмайтыны жайлы Киелі кітапта ештеңе айтылмаған.

Кейбір адамдар Қорынт. 1-хат 7:15 аятына жүгініп, осы «тағы бір ерекше жағдайда» сенбейтін жұбайынан ажырасқан сенуші қайта неке құра алады деп санайды. Алайда бұл аятта қайта неке құру туралы ештеңе айтылмаған. Бұл сөздің мағынасы мынандай: егер сенбейтін жұбайы сенушіден ажырасқысы келсе, сенуші оны ұстамау керек. Тағы басқа адамдар отбасыда (жұбайға немесе балаларға) көрсетілген зорлық-зомбылыққа да бола ажырасуға болады деп ойлайды. Бұл себеп те орынды болып көрінгенімен Киелі кітапта осы туралы ештеңе айтылмаған. Мұндай жағдайларда адамдардың еркінсіп Құдай сөзін өздерінше талдағандары дұрыс емес болар.

Адамдар осы тақырып жайлы дауласқан кезде бір жайт туралы ұмытып кетеді: неке адалдығы қандай жолмен бұзылса да, мұндай жағдайда ажырасу талап емес, рұқсат ретінде беріледі. Демек ерлі-зайыптылар Құдайдың рақымына сүйеніп, бірін-бірі кешіріп, некесін ретке келтіре алады. Құдай біздің әлдеқайда үлкен күнәларымызды кешірген болатын. Біз Иемізді үлгі етіп, жұбайымыздың күнәсын да кешіре аламыз (Ефес. хат 4:32). Дегенмен жиі кезде неке адалдығын бұзған жұбай күнәсын мойындамай, осы қылмыс әрекеттерін жалғастыра береді. Осындай жағдайда Матай 19:9 аятындағы ережені пайдалануға тура келеді. Кейбір адамдар ажырасқаннан кейін неке құруға асығып, Құдайдың олардың бойдақ болып қала бергенін қалайтынын сезінбеулері мүмкін. Құдай адамның назарының басқа нәрселерге бөлінгенін қаламаса, оны бойдақ болып өмір сүруге шақыруы мүмкін, өйткені бойдақ «адам Иемізге ұнауға ұмтылып, Оның ісінің қамын ойлайды» (Қорынт. 1-хат 7:32-35). Ажырасып қайта неке құрған адамның жағдайы біраз өзгеретін шығар, алайда неке құруды жалғыз дұрыс орай деп санау қате болар.

Өзін мәсіхші деп атайтын адамдар да жұбайларымен ажырасады. Осындайлардың саны ажырасқан сенбеушілердің санымен бірдей. Бұл өте көңілсіз жайт. Киелі кітапта Құдай ерлі-зайыптылардың ажырасуын жек көреді деп анық айтылған (Малахи 2:16). Сенушілер адамдарды кешіріп, олармен татулықта тұру керек (Лұқа 11:4; Ефес. хат 4:32). Алайда Құдай тіпті Өзінің балаларының ажырасулары мүмкін екенін біледі. Ажырасқан сенушінің жағдайы Матай 19:9 аятындағы жағдайға ұқсамаса да, мұндай сенуші «Құдай енді мені бұрынғыдан азырақ сүйеді» деп ойламау керек. Құдай Өзінің керемет мақсаттарын іске асыру үшін жиі кезде тіпті күнәкар адамның бағынбаушылығын да пайдаланады.



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Киелі кітапта ажырасу мен қайта үйлену туралы не айтылған?