Иса жұмаққа апаратын жалғыз жол ма?




Сұрақ: Иса жұмаққа апаратын жалғыз жол ма?

Жауап:
«Жалпы алғанда мен жақсы адаммын, сондықтан жұмаққа барамын». «Иә, аздаған жаман қылықтарым бар, бірақ неғұрлым көбірек игі істер жасасам, ақыр соңында пейішке кіремін». «Құдай мені Киелі кітап бойынша өмір сүрмегеніме бола тозаққа жібермес! Қазір заман басқа ғой!» «Тозаққа кісі өлтірушілер мен жыныстық азғындыққа түскен адамдар ғана тасталады».

Адамдардың көбісі өздерін ақтау үшін осындай нәрселерді айтады, алайда шын мәнінде осылардың барлығы қате мен өтірік болып табылады! Ал жүректерімізге осындай жалған пікірлерді салатын - күнәкар дүниені билеп тұрған шайтан. Шайтанның өзі де және оның соңынан ерген әркім – Құдайдың қас жауы (Петір.1-хаты 5:8). Шайтан әрдайым адамдарға жақсы тұлға болып көрінгісі келеді (Қорынт. 2-хат 11:14), бірақ негізінде ол Құдайдың қарамағында болмағандардың саналарын басқарады. Шайтанның билігінде жүрген осындай адамдар туралы Киелі кітапта былай айтылған: «Бұлар оған (Ізгі хабарға) сенбейді, себебі осы күнәкар дүниенің «тәңірі» (әзәзіл шайтан) Мәсіхтің салтанатты ұлылығы туралы Ізгі хабардың нұрын оларға көрсетпеу үшін саналарын соқыр қылып қойған. Ал Мәсіх Құдайдың қандай екенін айқын көрсетеді» (Қорынт. 2-хат 4:4).

Құдай кішігірім күнәларды байқамай, тозаққа «жаман адамдарды» ғана жібереді деп тұжырымдау қате. Күнәның қандайы болса да, тіпті кішігірім өтіріктің өзі бізді Құдайдан ажыратады. Барлығымыз күнә жасадық, сондықтан ешкім де өз бетімен жұмаққа кіруге лайықты емес (Рим. хат 3:23). Жұмаққа кіру жақсы не жаман істердің санына байланысты емес. Егер ереже шынымен осындай болғанда біз бәріміз құритын едік. «Ал Құдай рақым етіп таңдаған болса, онда оларды еңбектері үшін таңдамағаны, әйтпесе рақым нағыз рақым болмас еді» (Рим. хат 11:6). Біз қандай игі нәрсе істесек те, өз күшімізбен жұмаққа кіре алмаймыз (Тит. хат 3:5).

«Тар қақпадан кіріңдер! Тозаққа апаратын қақпа кең, жол да даңғыл, онымен жүретіндер көп» (Матай 7:13). Тіпті айналамыздағы адамдардың барлығы күнәлы өмір сүріп, Құдайға сенуді оғаш нәрсе деп санап жүрген болса да, біз осы жағайды Құдайдың алдында сылтаурата алмаймыз. «Бұрын сендер Құдайдың бұйрығын бұзып, күнә жасай бергендіктен рухани өлі едіңдер: сол кезде осы күнәкар дүниенің дәстүріне сай өмір сүріп, бізді ауа іспетті қоршап тұрған зұлым күштердің әміршісінің – Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтін рухтың жетегінде жүрдіңдер» (Ефес. хат 2:1-2).

Құдай осы әлемді жаратқанда барлық нәрсе мінсіз болған. Яғни бәрі жақсы болған. Кейін Құдай Адам ата мен Хауа ананы жаратып, оларға таңдау жасауға еркіндік берді: олар Құдайдың соңынан еріп, Оны тындаудың немесе өз бетімен жүрудің арасында таңдау жасауға тиісті болды. Алайда алғашқы жаратылған адамдар оларды азғырған шайтанның сөзіне алданып, Құдайды тындамай, күнә жасады. Осының салдарынан олар (сонымен бірге олардың бүкіл ұрпағы, яғни біздер де) Құдаймен жақын қарым-қатынаста болу мүмкіндігін жоғалтты. Құдай киелі әрі мінсіз болғандықтан күнәға еш төзе алмайды. Ал біз күнәкар болғандықтан бұл жағдайды өз бетімізбен түзете алмайтын едік. Сондықтан Құдай бізді Өзімен көкте қосу үшін арнайы жоспар жасады. «Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады» (Жохан 3:16). «Күнәның беретіні – (мәңгілік) өлім, ал Құдайдың беретін сыйы – Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы мәңгілік өмір» (Рим. хат 6:23). Иса бізге осы жолды көрсету үшін және күнәларымыздың құрбандығы ретінде біздің орнымызда өлу үшін туылды. Ал өлгеннен соң үш күннен кейін қабірден қайта тіріліп, Өзінің өлімді жеңгенін дәлелдеді (Рим. хат 4:23). Бізге Жаратушымен жеке қарым-қатынаста болуға жол ашып беру үшін Иса адам мен Құдайдың арасындағы тұңғиықтың үстінен салынған көпір тәрізді болды.

«Мәңгілік өмір, бұл - жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану» (Жохан 17:3). Құдайдың бар екеніне адамның көбісі сенеді. Осыған тіпті шайтанның өзі сенеді. Алайда құтқарылу алу үшін біз Құдайға бет бұрып, Онымен жеке қарым-қатынасымызды түзеп, күнәларымыздан бас тартып, Оның соңынан еруіміз керек. Біз бүкіл жан-дүниемізбен Исаға сенуіміз керек. «Құдай яһуди және басқа ұлт адамдарының бәрін де Иса Мәсіхке деген сенімдері арқылы ақтайды. Себебі бұл жерде ешқандай айырмашылық жоқ» (Рим.хат 3:22). Киелі кітапта Мәсіхтен басқа құтқару жолының жоқ екені жазылған. Жохан жазған Ізгі хабардың 14:6 аятында Иса былай деді: «Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды».

Иса – құтқарылуға апаратын жалғыз жол, өйткені Одан басқа ешкім біздің күнәларымыздың құнын өтей алмайды (Рим. хат 6:23). Жер бетіндегі ешқандай дін күнә мен оның зардаптарының қаншалықты зиянды екенін түсіндірмейді. Ешқандай дін күнәның шексіз құнын өтеп бере алмайды. Осы іс Иса Мәсіхтің қолынан ғана келеді. Ешқандай «діни жетекші» адамға айналған Құдай болған жоқ. Құдай осы әлемге адам кейіпінде келіп өлуге мәжбүр болды, өйткені біздің күнәмыздың құнын төлеудің жалғыз жолы сол болған (Жохан 1:1,14). Адам баласы Иса Мәсіхке сенім арту арқылы ғана құтқарыла алады! «Исадан басқа ешкім де бізді (Құдайдың қаһарынан) құтқара алмайды! Аспан астында бізді құтқаратын басқа ешкімнің есімі адамдарға бұйырмаған» (Елшілер. істері 4:12).

Сіз осы жерде айтылғанды оқығаннан кейін Мәсіхті қабылдау жайында шешім жасадыңыз ба? Егер «иә» десеңіз, онда, «Мен бүгін Мәсіхті қабылдадым» деген түймені басыңыз.



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Иса жұмаққа апаратын жалғыз жол ма?