Киелі Рух – Кім?




Сұрақ: Киелі Рух – Кім?

Жауап:
Киелі Рух жайлы қате түсініктер көп. Кейбір адамдар Киелі Рухты бір жұмбақты, табиғаттан тыс күш деп санайды. Басқалар Киелі Рухты Құдай Мәсіхтің жолын қуушыларға дарытатын күш деп түсінеді. Ал Киелі кітап Киелі Рухты Кім дейді екен? Қарапайым сөзбен қысқаша айтқанда Киелі кітапта Киелі Рух – Құдай деп айтылған. Сонымен бірге Киелі кітап бізге Киелі Рухтың Тұлға екенін де айтады. Осы Тұлғаның ақылы, сезімдері және еркі бар.

Киелі Рухтың Құдай екені Киелі жазбаның көптеген үзінділерінен көрінеді, осындай үзінділерінің біреуі: Елшілер. істері 5:3-4. Осы аяттарда Петір Ананиді Киелі Рухты алдағаны үшін әшкерелеп, оған: «Сен тек адамды емес, Құдайды да алдамақ болдың» - дейді. Бұл сөздердің мағынасы: Киелі Рухқа өтірік айту – Құдайға өтірік айтумен тең. Біз Киелі Рухтың Құдай екенін білеміз, өйткені Оның бойында Құдайдың барлық қасиеттері бар. Мысалы, Забур жыр. 138:7-8 аяттарында Киелі Рухтың бір уақытта барлық жерде бола алатыны туралы жазылған: «Сенің Рухыңнан мен қайда қашпақпын? Көз алдыңнан қайда жасырынбақпын? Көкке көтерілсем, сол орындасың, тұңғиыққа түссем де, Сен сондасың». Ал Қорынт. 1-хат 2:10-11 аяттарында біз Киелі Рухтың барлық нәрсені білетінін көреміз: «Бұны Құдай біздерге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді. Киелі Рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар. Себебі адамның ішкі құпия-сырларын оның өз рухынан басқа бірде-бір адам біле ме? Құдайдың терең ой-мақсаттарын Оның Киелі Рухынан басқа ешкім де білмейді».

Біз Киелі Рухтың шынымен Тұлға екенін білеміз, өйткені Оның ақылы, сезімдері және еркі бар. Киелі Рухтың ойлану қабілеті бар және Ол бәрін біледі (Қорынт. 1-хат 2:10), Киелі Рух ренжи алады (Ефес. хат 4:30). Киелі Рух біз үшін Құдайға өтініш жасайды (Рим. хат 8:26-27). Киелі Рух Өзінің еркіне сай шешімдер қабылдайды (Қорынт. 1-хат 12:7-11). Киелі Рух – Құдай, Үшбірліктегі Тұлғалардың Біреуі. Иса Өз уәдесінде айтқандай Киелі Рух та, Құдай сияқты, бізге Жұбатушы және Кеңесші бола алады (Жохан 14:16,26; 15:26).



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Киелі Рух – Кім?