Киелі кітап шынымен Құдайдың сөзі ме?




Сұрақ: Киелі кітап шынымен Құдайдың сөзі ме?

Жауап:
Осы сұраққа жауап берудің нәтижесі біздің Киелі кітап жайлы пікіріміздің жақсы жаққа өзгеруімен және Құдай сөзінің біздің өміріміз үшін қаншалықты маңызды екенін түсінуімізбен ғана шектелмейді. Демек Құдайдың сөзі бізге міндетті түрде өзінің мәңгілік ықпалын тигізбек. Сондықтан Киелі кітап шынымен Құдайдың сөзі болса, біз оны қастерлеп, сараптап, оған бағынып, сенуіміз керек. Киелі кітап Құдайдың сөзі болғандықтан оны жоққа шығару Құдайдың Өзін жоққа шығарумен тең.

Құдайдың бізге Киелі кітапты бергені Оның бізге деген сүйіспеншілігінің дәлелі. «Аян» (демек Құдайдың адамға берген жолдамасы) деген сөздің мағынасы мынандай: Жаратушы адамзатпен хабарласып, Өзінің қандай екенін және біздің Онымен қалай дұрыс қарым-қатынаста бола алатынымызды көрсетті. Құдай осы ақиқаттарды бізге Киелі кітап арқылы жеткізбегенде біз оларды біле алмайтын едік. Ол Өзі жайлы аянды Өзінің сөзі арқылы шамамен 1500 жыл бойы адамзатқа білдірді, сондықтан бізге Құдаймен дұрыс қарым-қатынаста болу үшін қажетті шындықтың барлығы Киелі жазбада жазылған. Егер Киелі жазба шынымен Құдайдың сөзі болса, онда біз сенім, дін, игілік және әділет жайлы ең беделді ақиқаттарды одан ғана таба аламыз.

Біз өзімізге мынандай сұрақ қоюға тиіспіз: Киелі кітаптың әншейін жақсы бір кітап қана емес, оның шынымен Құдайдың сөзі екенін біз қалай біле аламыз? Киелі кітаптың басқа жазылған діни кітаптардан қандай айырмашылығы мен ерекшілігі бар? Киелі кітаптың шынымен Құдайдың сөзі екені жайлы дәлелдер бар ма? Киелі кітап - Құдайдың сөзі деген пікірді сараптағымыз келсе біз өзімізге осындай сұрақтарды қоюымыз керек, өйткені Киелі кітап Құдайдың Рухының жетелеуімен жазылған және сенім мен дінге байланысты барлық жағдайларда дұрыс жолды көрсетеді.

Киелі кітаптың Құдайдың сөзі екеніне ешкім күмәнданбау керек. Тімоте. 2-хат 3:15-17 аяттарында осы жайлы анық айтылған: «Сонымен бірге балалық шағыңнан-ақ Киелі жазбалармен таныссың. Олар сені парасатты етіп, Мәсіх Исаға деген сенімің арқылы құтқарылуға бастап әкеледі. Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылып, тәлім беру, әшкерелеу, түзету әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді; осылай Құдайдың адамы барша игі іске дайындалып, толықтай даяр болмақ».

Осы сұрақтарға жауап беру үшін біз Киелі кітаптың Құдайдың сөзі екеніне көз жеткізетін ішкі және сыртқы дәлелдерді сараптауымыз керек. Ішкі дәлелдер деген Киелі кітаптың мазмұнындағы шындықтарды білдіреді. Осындай дәлелдердің біріншісі – Киелі кітаптың бірлігі (яғни оның бөлімдерінің арасындағы байланыс). Демек Киелі кітап үш құрлықта, әр түрлі тілдерде, шамамен 1500 жыл бойы 40 әр түрлі адам арқылы жазылған алпыс алты жеке кітаптан тұрса да, ол басынан аяғына дейін өз-өзіне ешқашан қайшы келмейді. Осы арқылы Киелі кітап басқа кітаптардан ерекшеленіп, ондағы барлық сөздердің Құдайдың жетелеуімен жазылғандығы осылай дәлелденеді.

Киелі кітаптың Құдайдың сөзі екеніне көз жеткізетін екінші дәлел - ондағы жазылған пайғамбарлық сөздердің барлығының дәлме-дәл орындалғаны. Киелі кітапта Исраил халқы мен басқа да халықтардың, кейбір қалалардың және бүкіл адамзаттың болашағы туралы пайғамбарлық сөздер айтылған, сонымен бірге Мәсіхке сенген барлық халықтарды (яғни Исраил халқын ғана емес) құтқаратын Құтқарушы туралы да жазылған. Басқа діни кітаптардағы (мысалы Нострадамус жазған кітаптағы) болжамдар анық емес әрі түсініксіз, ал Киелі кітаптағы айқын болжамдар дәлме-дәл орындалып отырады. Көне келісімде Иса Мәсіх туралы үш жүзден астам пайғамбарлық сөз айтылған. Олар Исаның қай жерде және қандай отбасыда туылатынын ғана емес, тіпті Оның қалай өліп, үш күннен кейін қалай қайта тірілетінін де болжады. Адам баласы осы пайғамбарлық сөздердің Құдайдан келгенін мойындамаса, оларды басқа қисынды жолмен түсіндіру мүмкін емес. Болашақта болатын оқиғаларды соншалықты тиянақты болжау жағынан ешқандай діни кітап Киелі кітаппен салыстырылуға келмейді.

Киелі кітаптың Құдайдың сөзі екеніне көз жеткізетін үшінші ішкі дәлел – оның беделі мен құдіреті. Алдыңғы екі дәлелдерге қарағанда субъектівтік болып көрінгенімен, бұл дәлел де Киелі кітаптың Құдайдан келгенін нақты растайды. Басқа кітаптарға қарағанда Киелі кітаптың ерекше құдіреті бар, өйткені көптеген адамдардың өмірлері оның әсерімен түбегейлі өзгеріп жатыр. Құдайдың сөзінің ықпалымен жыныстық азғындыққа түскен адамдар мен нашақорлар күнәлы жүріс-тұрыстарынан арылып жатыр, басқа адамдар тастап кеткен, өмірден көңілі қалған жандар мен тас жүрек қылмыскерлер өзгеріп, жаңадан өмір сүруді бастап жатыр, демек күнәкар адамдар әшкереленіп, күнәларынан бас тартып жатыр. Адамдар Киелі кітапты оқыған кезде олардың жүректеріндегі жек көрініш пен реніштің орнына сүйіспеншілік орнайды. Яғни Киелі кітап шынымен Құдайдың сөзі болғандықтан онда адамның өмірін өзгертетін құдірет бар.

Киелі кітаптың Құдайдың сөзі екеніне көз жеткізетін ішкі дәлелдермен бірге осының сыртқы дәлелдері де бар. Олардың біреуі – Киелі кітаптың тарихи жағынан шындық болғаны. Киелі кітапта көптеген тарихи оқиғалар сипатталған, сондықтан осы оқиғалардың қаншалықты шынайы екені анықталуға тиісті болған. Археологиялық дәлелдер және басқа да жазбаша деректер Киелі кітапта айтылған тарихи мәліметтердің шынымен болғанын растайды. Негізінде археологиялық зерттеулер мен жазбаша деректерге жүгінген кезде Киелі жазба ежелгі заманнан жеткен кітаптардың ең сенімдісі болып шығады. Киелі кітап әр түрлі тарихи оқиғаларды нақты сипаттайды және ондағы мәліметтер бізге діни тақырыптар мен ілімдерді сараптауға көмектеседі, сондықтан Киелі кітаптың шынымен Құдайдың сөзі екені осы арқылы да дәлелденеді.

Киелі кітаптың Құдайдың сөзі екеніне көз жеткізетін сыртқы дәлелдердің тағы біреуі – авторлардың адалдығы. Алдында айтылғандай Құдай Өзінің сөзін әр түрлі адамдарға жаздырды. Осы адамдардың өмірлеріне қараған кезде бір олардың шынымен адал әрі таза жүректі тұлғалар болған екенін көре аламыз. Олар өздерінің сенімдері үшін өмірлерін қиюға (типті қиналып өлуге) дайын болған. Осы арқылы біз осы қарапайым әрі әділ адамдардың Құдайға шын жүректен сенгендерін көре аламыз. Жаңа келісімді жазған адамдар мен басқа жүздеген сенушілер (Қорынт. 1-хат 15:6) өздері таратып жүрген хабарға нық сенген болатын себебі олар өлімнен қайта тірілген Иса Мәсіхті көріп, Онымен бірге уақыт өткізді. Өлімді жеңген Мәсіхті көргеннен кейін олардың өмірлері түбегейлі өзгерді. Алдында жасырынып қашып жүрген олар енді Құдайдың оларға ашып берген Ізгі хабары үшін өлуге даяр болды. Олардың өмірлері мен өлімдері де Киелі кітаптың шынымен Құдайдың сөзі екенін дәлелдейді.

Киелі кітаптың Құдайдың сөзі екеніне көз жеткізетін сыртқы дәлелдердің ең соңғысы – оның жойылмайтыны. Киелі кітап Құдайдың адамзатқа жеткізген өте маңызды хабары болғандықтан оған ежелден бері талай шабуылдар жасалып келе жатыр. Басқа кітаптардың ешқайсысына сондай көп шабуыл жасалған емес. Деоклетиан сияқты римдік патшалардан бастап коммунист әміршілерге дейін көптеген адамдар Киелі кітапты құртпақшы болған. Қазіргі заманда да атеисттер мен агностиктер Құдайдың сөзін жоққа шығарғысы келеді. Алайда Киелі кітап осы барлық шабуылдарға төтеп беріп, осы кезге дейін дүниеде ең көп басылымнан шыққан кітап болып тұр.

Бұрыннан бері скептиктер (яғни күмәндануға бейім адамдар) Киелі кітапты әншейін қиял деп санаған, алайда археология ғылымы оның тарихи кітап екенін растады. Оған қарсы шығушылар оны қарапайым және қазіргі заманға сай емес кітап деп жоққа шығармақ болды, алайда Киелі кітаптағы адал ұғымдар мен ілімдер бүкіл әлемдегі қоғамдар мен мәдениеттерге ізгі әсерін тигізуде. Әр түрлі ғылыми, психологиялық және саяси қозғалыстар оған шабуыл жасаса да, Киелі кітап қазіргі заманда алғашқы жазылған кезіндегідей өмірлік жағдайлармен байланысты болып, адамдарға ықпал етуде. Соңғы 2000 жылдың ішінде Киелі кітап мыңдаған адамдар мен мәдениеттерді өзгертті. Қарсы шығушылар оған қандай шабуыл жасаса да, дұшпандар оны бұрмалап, құртқысы келсе де, Киелі кітап Құдайдың ақиқаты болып қала береді. Біз осыған еш таңғалмауымыз керек, өйткені Исаның Өзі былай деген: «Аспан мен жер жойылатын болады, бірақ Менің сөздерім еш жойылмайды» (Марқа 13:31). Осы дәлелдерді шын жүректен сараптаған кейін адамға «Иә, Киелі кітап шынымен Құдайдың сөзі екен» деп айтудан басқа ештеңе қалмайды.



Қазақ тіліндегі алғашқы параққа оралыңыз



Киелі кітап шынымен Құдайдың сөзі ме?